Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Ең алдымен, аудан басшысы Шаған ауылында болып, дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеу және елді мекенді газдандыру жұмысымен танысты. Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс қарқыны мен сапасына баса назар аударды.
Аудан басшысы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына тоқталды. Дәрігерлік амбулатория жаңарғаннан кейін тұрғындардың денсаулығын жақсартуға тікелей әсер ететінін атап өтті. Медициналық ғимаратты күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 328 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда амбулаторияда іш және сырты әрленуде. Инженерлік желілерді жаңарту, жылу жүйесін жетілдіру, есік-терезелерді ауыстыру, санитарлық тораптарды жөндеу сынды ауқымды жоба атқарылуда. Мұнан соң Берік Әбдіғаппарұлы Шаған ауылын орамішілік газ тарату желілерін және тартылатын газ құбырын салу жұмыстарымен танысты. Бүгінде ауылішілік газ құбырларын тарту ауқымды түрде жүргізілуде. Аудан орталығы мен елді мекен арасындағы жоғары қысымды газ құбырлары жалғануда. Жол қиылыстарындағы газ құбырлары бұрғылау әдісімен тас жолдардың астымен өткізілуде. Бұл жұмыстарды «АЭS and Limited» ЖШС атқаруда.
Шаған ауылынан кейін аудан басшысының іссапары Қоғалыкөл ауылында жалғасын тапты. Мұнда Берік Әбдіғаппарұлы «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмысына қанықты. Жол жөндеу жұмысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталды. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан асфальт жабындысын төсеу, жол негізін нығайту және жол жиегін тегістеу сынды бірқатар іс-шара атқарылуда. 10,2 шақырым жолды жөндеуге аудандық бюджеттен 571,6 млн теңге қаржы бөлінді. Жөндеу жұмысын «Қызылорда жолдары» ЖШС жасап жатыр.
Аудан басшысы Тереңөзек кентіндегі Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейдегі жөндеу жұмысын да көрді. Қазіргі таңда мектеп ғимаратының сыртқы қасбеті жаңартылып, сырлау және әрлеу мен шатырды, жабындыларды ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оқушылардың саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектеп аумағындағы спорт алаңыны жөнделіп жатыр. Мектеп-лицей аумағындағы жөндеу ісіне облыстық бюджеттен 43 млн теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекеме – «Сертификаттау-сынақ орталығы» ЖШС.
Берік Әбдіғаппарұлы мұндай жұмыстардың білім беру сапасына оң әсер ететінін атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мектептердің деңгейін көтеруге, олардың материалдық-техникалық базасын жақсартып, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауды атап өткен болатын. Осы орайда, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен аудан көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынып, бірқатар мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Сондықтан жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде, сапалы әрі талапқа сай орындалуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде аудан әкімі С.Сейфуллин елді мекеніндегі №137 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына дайындық жоспарымен танысты. №137 орта мектеп 1974 жылы салынған. Жалпы сыйымдылығы 460 орынға негізделген. Бүгінде мектеп ғимараты жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты биыл мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 309 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланған болатын. Жеңімпаз медігер мекеме – «N Cтрой Сервис» ЖШС. Бүгінгі таңда техникалық қадағалау мен келісімшарт жасалған. Күрделі жөндеу жұмыстарын бастау оқу жылының соңына жоспарлануда.
«Тт» ақпарат