Аудан әкімі мектептердің жөндеу жүмыстары барысымен танысты

Ең алдымен, аудан басшысы Ә. Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейдің ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда мектеп ғимаратының сыртқы қасбеті жаңартылып, сырлау және әрлеу жұмыстары мен шатырларды, жабындарды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектеп аумағындағы спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары да басталды. Мектеп-лицей аумағындағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 43 млн. теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекеме: «Сертификаттау-сынақ орталығы» ЖШС.
Аудан әкімі мұндай жұмыстардың білім беру сапасына оң әсер ететінін атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мектептердің деңгейін көтеруге, олардың материалдық-техникалық базасын жақсартып, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауды атап өткен болатын. Осы орайда, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аудан көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынып, бірқатар мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Сондықтан жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде, сапалы әрі талапқа сай орындалуы тиіс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң аудан әкімі С.Сейфуллин елді мекеніндегі №137 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына дайындық жоспарымен танысты. №137 орта мектеп 1974 жылы салынған. Жалпы сыйымдылығы 460 орынға негізделген. Бүгінде мектеп ғимараты жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты биыл мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 309 млн. теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланған болатын. Жеңімпаз медігер мекеме – «N Cтрой Сервис» ЖШС. Бүгінгі таңда техникалық қадағалаумен келісім шарт жасалған. Күрделі жөндеу жұмыстарын бастау оқу жылының соңына жоспарлануда.
Аудан әкімі құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін айтып, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мектептің жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталуын қатаң ескертті.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі