Адал еңбек – адам көркі: механизаторлармен кездесу өтті

Кездесуде партияның Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы мемлекет тарапынан қабылданып жатқан жұмыстар туралы айтты.
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс» деп нақты атап өтті. Оң бастаманың мақсаты біреу-ақ: ол – нағыз еңбек адамдарын қоғамда дәріптей отырып, елдегі түрлі жұмысшы мамандардың мәртебесін әйгілеу, насихаттау. Енді әр салада тер төгіп жүрген азаматтарға, яғни құрылысшы, диқан, жүргізуші, шахтер, кенші және басқа да көптеген қарапайым жұмысшы өкіліне құрмет артар деген сенім бар. Бұл мақсатты жұмыс «AMANAT» партиясының да сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде Қазақстанның Еңбек Ері, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» Абзал Ералиев жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы ой бөлісті.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаннан кейін Премьер министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өткізілді. Жиында мәлім болғандай, жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауда Үкімет «Жұмысшы мамандықтарының жылын» ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекіткен. 7 бағыт пен 70 қадамнан тұратын құжатта жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқығын қорғау және мәртебесін көтеру мәселесін қамтылғаны көңілге қуаныш ұялатты. Біліктілікті арттыруға басымдық беріп жатырмыз. Себебі қазіргі келіп жатқан техниканың барлығы цифрландырылған. Жұмыстың, өзіміз өндіріп жатқан өнімнің сапасын арттыруда жаңа техниканың рөлі зор. Сондықтан техника тілін меңгерген, білімі мол азаматтар қай кезде де сұранысқа ие, – деді Абзал Жұмашұлы.
Басқосуда Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жадыра Бағдатқызы ауылда еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ауданның, аймақтың дамуына лайықты үлес қосып жүрген еңбек адамдарына шынайы алғысын жеткізді. Күн-түн демей еңбек етіп, ел қамбасын алтын дәнге толтырып жатқан күрішші-механизаторлардың жұмысына табыс тіледі. Ал күрішші-механизаторлар халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен шыққан берекелі ауылда еңбек етуді зор мақтаныш санайтынын айтып, алдағы уақытта да ауылдың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қоса беретінін атап өтті.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған кездесу аясында бірқатар күрішші-механизатор партия филиалының атынан Алғыс хатпен марапатталды.
«Тт» ақпарат