Жаңарған, жаңғырған ұлық мереке

Ең алдымен, сырдариялықтар «Руханият орталығының» ауласында ұлттық дәстүрімізді ұлықтайтын Амал мерекесін атап өтті. Тағылымы мол іс-шара аясында ұлттық ойындар ойнатылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі, «Бауырсақ Party» ұйымдастырылды. Қазыналы қарттар көрісу күнінің маңыздылығын жастарға ұғындыра білді.
Ал аудандық мұсылмандар мешітінде «Қайырымдылық күні» шеңберінде «Наурыз мейірімі» тақырыбында акция жүзеге асты. Мұнда көпшілік атынан бірнеше әлеуметтік жағынан осал топқа, көпбалалы және аз қамтылған отбасыға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіліп, үйлеріне жеткізіліп берілді. Ізгілігі мол іс-шараға жергілікті кәсіпкерлер, барлық мекеме қызметкері, белсенді азаматтар мен аудан жастары атсалысты. Олар қайырымдылық көмекті үйлестіріп, мұқтаж жандарға қолдау көрсетті.
«Шаңырақ күні» мерекесінде «Руханият» орталығында орналасқан «Неке сарайында» салтанатты іс-шара болды. Іс-шара барысында кеш кейіпкері отау құрғандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелері Әзімжановтар отбасы мен «Маржан той» иелері Татановтар отбасының куәлік жаңартуы және жас жұбайлар Дінислам Айтбайұлы мен Ақнұр Бегманованың неке қию рәсімдеріне куә болды. Сонымен қатар облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Есекеевтер отбасы құрмет төрінен орын алды.
Бұл ретте, республикадағы үздік ауыл санатына кіретін Нағи Ілиясов ауылында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде» «Салт-дәстүр – сан ғасырлық мұра» атты ауылдық клуб және мәдениет үйлері арасындағы аудандық фестиваль шымылдығын түрді. Өнерімен көпті тәнті еткен аудан өнерпаздары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, «Абзал және К» толық серіктестігінің атынан қаржылай сыйлыққа ие болды. Арнаулы марапатты өнер иелеріне Қазақстанның еңбек ері Абзал Ералиев тапсырды. Думанды мерекені сәнін келтірген аудан жұртшылығы «Ұлттық киім» күні Тереңөзек кентінің орталық көшелерінде мерекелік шеруге шықты. Аудандық стадионда қазақтың «Қара жорға» биін биледі.
«Жаңару күні» жергілікті халық «Жастар аллеясында» тал отырғызып, экологиялық акцияға үлес қосты. «Ұлттық спорт күнінде» аудан спортшылары қазақ күресі аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ, бес тастан сынға түсті. Аудан спортшылары өзара мықтыны анықтап, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысты.
«Ынтымақ күнінде» Шіркейлі ауылында ұлық мереке өткізіліп, жергілікті халық шат-шадыман көңіл-күйге бөленді. Өз кезегінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев сырдариялықтарды мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды жақсылықтың жаршысы, жақсы істердің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ежелден халқымыз үшін береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың белгісіне айналған Ұлы даланың қасиетті мейрамы. Жаңарған Қазақ елінің ертеңі мен болашағын жалғайтын ұлттық мереке. Бұл күн – қыстан «аман шықтық» деп, ала қыстай сақтаған дәм-тұзын бір қазанға тоғыстырған, елге мерей, жұртқа мейір сыйлаған күн. Мемлекет басшысы дамудың жаңа бағытын айқындап, жарқын бастамалар жүзеге асырылуда. Сырдария ауданының халқы жылдағы дәстүр бойынша Наурыз мерекесін көтеріңкі көңілмен қарсы алып отыр. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен барлық салада нәтижелі жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда. «Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады» дейді ата-бабаларымыз. Ұлыстың Ұлы күні – Сырдария жеріне толайым жаңалықтармен келсін! Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы туған жерімізге, әрбір отбасына ырыс пен ынтымақ, молшылық пен тоқшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мереке аясында киіз үй, шатыр тігіліп, ақ дастарқан жайылды. Қатысушыларға наурыз көже ұсынылып, қазақтың ұлттық тағамы дайындалды. Ауыл тұрғындарынан құралған салтанатты шеру іс-шараның көркін қыздырды. Өнерлі өнерпаздар әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй төкті. Сондай-ақ ұлттық мерекенің сәнін ұлттық ойындар келтірді. Атап айтқанда қазақша күрес, арқан тарту, гір көтеру сияқты ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпат табысталды.
Жыл басы, әз-Наурыз мерекесі кеше орталық стадионда тойланғаны белгілі. Бүгін – «Наурызнаманың» онкүндігі аясында «Тазару күні». Барша қазақстандықтар экологиялық акцияға белсене қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға көпшілікті шақыруда. Шын мәнінде, қытымыр қыстан аман шыққан жұртшылықы есік алдын тазартып, қыс бойы жиналған күл-қоқыстан арылтады. Сырдария ауданында жергілікті халық экологиялық акцияға шығып, тазалық жұмысын өз деңгейінде атқарды.
Он күн бойы өткізілген барлық іс шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім және мекеме басшылары, ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ