Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауы

Ардақты аналар!
Аяулы арулар!

Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Адамзат үшін анадан құдыретті, анадан ардақты, анадан аяулы жан жоқ. Сондықтан әлемдегі мадақ пен құрмет аналар мен аруларға арналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор» деп атап өтті. Сондықтан бүгінде аяулы жандар еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани және басқа да салаларында жүзеге асырылып жатқан өміршең өзгерістерге белсене араласып, мемлекетіміздің күш-қуатының артуына өз үлестерін қосуда. Қоғамның даму өрісін өмірде – нәзік, қызметте – көреген, жұмыста жігерлі әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес.

Әйел-аналар – іскерлігімен қатар отбасының ұйытқысы, ырыс-берекесі. Ана қуанышы, әйел қуанышы – отбасының, Отанның мерейі. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді». Сондықтан ардақты жандарға деген құрметіміз мол.

Қадірлі аналар, арулар!

Көктеммен бірге келген шұғылалы мереке құтты болсын!

Жүздеріңізден мейірім шуағы төгіліп, әлемді әлдилей беріңіздер! Сіздерге баянды бақ, берекелі ғұмыр, отбасыларыңызға шаттық пен қуаныш тілеймін!

Құрметпен Берік Сәрменбаев,
Сырдария ауданының әкімі

08 наурыз 2025 ж. 158 0