Кәсіподақ кішкентайларға қуаныш сыйлады
Жаңа жылдың сәні – шырша. Таңғажайып кейіпкерлер мен ертегі әлеміне енгізетін жаңа жыл кешінің балалар үшін үлкен қуаныш екені рас. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті балаларды қуанышқа бөледі. Биыл кәсіподақ шыршасына 120 бала қатысты.
Мерекелік іс-шарада аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар балаларды келе жатқан жаңа жылмен құттықтады. Ел ертеңі жас достардың қолында екенін жеткізіп, үлкен азамат болу үшін білімді, алғыр, еңбекқор болу қажеттігін айтып өтті.
Жаңа жыл кешінде балалар басты кейіпкер Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып ән салды. Ойын ойнап, тақпақтар айтты. Аудан өнерпаздарының өнеріне қанығып, театрландырылған қойылым көрсетілді. Концерттік бағдарламада өз өнерлерін ортаға салған балғындар тәтті сыйлықтар алды.
– Жыл сайынғы дәстүр бойынша білім қызметкерлері балаларына арналған шырша керемет өтті. Кәсіподақ кішкентайларға қуаныш сыйлап, жаңа жылдық сыйлығын үлестірді. Бала күнімізде де ата-анамызбен кәсіподақ шыршасын асыға күтетін едік. Қазір өз балаларымызды алып келіп жүрміз. Бұл да бір естелік, жарқын жетістік. Жыл құтты болсын, – дейді Әсел Ибрагимқызы.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ