«Мен кәсіподақты жырлаймын»
Білім қызметкерлері арасында аудан көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай мәні мен маңызы терең іс-шаралардың бірі – ұстаздар арасындағы жазба ақындар мүшәйрасы.
Аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті бірлесе ұйымдастырған шығармашыл ұстаздар арасындағы сайыс «Мен кәсіподақты жырлаймын» тақырыбын арқау етті. Аудандық мүшәйра Т.Қозыбаев атындағы №131 мектептің акт залында өтті.
Сайысқа аудан және ауылдық округ мектептерінен барлығы 13 мұғалім атсалысты. Бірінші кезеңде «Мен кәсіподақты жырлаймын» тақырыбында қалам тербеп, өз жанынан шыққан өлең-жырларын тебірене оқыған қатысушылар екінші кезеңде «Ұстаздық еткен жалықпас» тақырыбын өлеңіне өзек етті. Кәсіподақтың 100 жылдығы, комитеттің ұстаздар жұмысы барысындағы рөлі, ұстаздардың білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы мақсат-мұраттарын жырға қосып, насихаттауды мақсат еткен сөз сайысына халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы және аудандық газет бас редакторының орынбасары қазылық етті. Сайысты аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті төрағасы Алмас Есназар ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Апталық аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай маңызды іс-шаралардың бірі бүгінгі аудандық мүшәйрада өздеріңізбен бас қосып отырғанымызға қуаныштымын. Бүгінгі мүшәйраның негізгі мақсаты – еңбек ұжымдарында кәсіподақ ұйымының мәртебесін көтеру, ұстаздар арасында жазба ақындарды анықтау. Сондай-ақ кәсіподақ жұмысы туралы жаңа әдеби туындылардың, өлеңдердің жазылуына ұйытқы болу. Және ұстаздардың еңбек жолын, шығармашылық жұмысын жандандыруды көздейді. Бүгінгі мүшәйраға Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағына мүше, шығармашыл азаматтар төрелік етеді. Ұстаздарға сәттілік тілеймін. Кәсіподақ ұйымының 100 жылдығына орайластырылған іс-шаралар легі өз жалғасын табатын болады, – деді аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмас Зейноллаұлы.
Мүшәйра қорытындысы бойынша жүлделі І орынды №139 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Торғаева жеңіп алды. ІІ орын Т.Айтбаев атындағы №132 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлзат Аманкелдиеваға бұйырды. Жүлделі ІІІ орынға №210 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Тимур Хусайнов лайық деп танылды.
Сайыс соңында жеңімпаздар мен барлық қатысушыға арнайы диплом, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ