Ойлы оқырман – газет тірегі
Қашанда аудан айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газеті оқырманмен ғұмырлы, яғни әр басылымның күші – ойлы оқырманы. Қазіргі таңда 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Осы тұста, аудандық басылымды жеке тұлғалармен қатар, мемлекеттік мекемелер және көптеген ұжым арнайы жаздырып, оқиды. Осындай белсенділердің бірі – жылдағы дәстүрмен ұйымшылдық пен жауапкершілік танытқан «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы.
Заманға сай жабдықталған «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы аудан орталығынан кейінгі ең үлкен елді мекен Шаған ауылында 2017 жылдан бері жұмыс жасауда. Балғындардың тәлімді тәрбие алып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған балабақша 70 орынға лайықтандырылған. Бүгінде 70 баланы бастапқы біліммен қамтамасыз етіп, тәрбиелеуде. Бала тәрбиесінде жаңашылдыққа бейімделген ұйымшыл ұжымда 29 адам қызмет етеді. Олардың қатарында 11 педагог-маман болса, 18 техникалық қызметкер әркез ата-аналардың алғысына бөленуде. Сонымен қатар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 7 педагог-модератор, 1 педагог-сарапшы маман жаңа әдіс-тәсілдермен білім беруде. Бүгінде жаңа тәсілдерге машықтанған мамандар еселі еңбектерінің нәтижесін көріп келеді. Мәселен, балабақша педагогтері мен тәрбиеленушілері жыл бойына халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқаулар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Атап айтар болсақ, бірлігі жарасқан ұжым өткен жылдың қорытындысы бойынша ел болашағы – бүлдіршіндерді тәрбиелеу жұмыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Үздік мекеме» номинациясымен марапатталды. «Өнерім саған – Қазақстан» республикалық байқаудың аудандық кезеңінен бас жүлде, облыстық кезеңінен ІІІ орыннан көрінді. Ал, «Үздік педагог – 2024» байқауының аудандық кезеңінде тәрбиеші Айзат Қалмаханова І орын, облыстық кезеңде «Шебер педагог» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, «Үздік меңгеруші – 2024» байқауында балабақша меңгерушісі Гүлжан Еңсебаева жүлделі ІІ орынды иеленсе, балабақша әдіскері Мөлдір Қанатбаева «Барлығына рақмет» республикалық челленджіне қатысып Алғыс хатпен марапатталды.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаса керек-ті. Бүгінде басылым бетіне аудан жаңалықтарымен қатар ауданнан шалғайда орналасқан ауылдардың да жаңалықтары да тұрақты түрде жариялануда. Біздің ұжым тұрақты түрде жазылып, басылымның әр нөмірін қалт жібермей оқып, қажет жерін ұжым болып талқылап отырамыз. Ауданның, ауылдың әрбір тұрғыны аудандық газеттің тұрақты оқырманы болуы керек деп есептеймін, – дейді «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Г.Еңсебаева.
Әркез басылымға тұрақты түрде жазылып, қолдау көрсетіп келе жатқан, ауызбірлік пен ұжымдық еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп отырған іргелі ұжымға жұмыста жеміс, шығармашылық табыс тілейміз.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА