Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық бюджет бекітілді

Аудандық бюджет бекітілді

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Сырдария аудандық мәслихатының кезекті 29-сессиясы өтті. Сессияға депутаттардан бөлек аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері мен мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Сессия алдында тұрақты комиссия отырысы өтіп, онда аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікеновтің 2024 жылы атқарған жұмыс туралы есебі тыңдалды. Аудандық мәслихат төрағасы өз сөзінде сессияларда жалпы 85 шешім қабылданғанын, аудандық бюджетке 7 рет өзгеріс, кент және ауылдық округ бюджеттеріне 6 рет өзгеріс пен толықтырулар енгізілгенін айтты. Сондай-ақ Ержан Ертарғынұлы аудандық мәслихатта депутаттардың жыл бойы атқарған жұмыстарын бағалау қорытындысына сәйкес, №8 сайлау округінің депутаты Дархан Ералиев, №6 сайлау округінің депутаты Марат Бисенов, №7 сайлау округінің депутаты Әбдікәрім Серікбаев, №1 сайлау округінің депутаты Алмас Есназар жоғары нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.

Сессияда аудан әкімі Берік Сәрменбаев баяндама жасап, жылдың қорытындысымен таныстырып өтті.

– Ауданның әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуында оң тенденция қалыптасып, 2024 жылдың 11 айын­да ауданымыз барлық негізгі макро­экономикалық көрсеткіштер бо­йынша алдыңғы қатарда. Өтіп бара жатқан 2024 жыл аса маңыз­ды оқиғаларға толы болды. Биыл жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Жылдар жылнамасымен мәслихаттардың өз орны қалыптасып, депутаттық корпус туған жеріне адал қызмет етуді мақсат еткен түрлі сала өкілдерімен толықты. Осы уақыт ішінде халық аманатын арқалаған аудан депутаттары елдік мәселелерді қозғап, байыпты бастамалар көтеріп, іргелі істердің жандануына ықпал етті. Алдағы кезеңде де халық қалаулылары билік пен халықтың арасында дәнекер болып, ауданның өсіп-өркендеуіне күш-жігерлерін аянбай жұмсай береді деп сенемін, – деген аудан басшысы жыл қорытындысы бо­йынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ аудан басшысы аудандық мәслихат депутаттарының жыл көлемінде атқарған жұмысын оң бағалады.

Одан кейін аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов 2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы хабарлама жасады. Бөлім басшысы алдағы үш жылдық бюджетті бекіту бойынша мәлімдеме жасап, кіріс пен шығыс мөлшерлемесі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Б.Смайлов ауданда жастар сая­сатын қолдау және жақсарту шаралары туралы мәселеге байланысты баяндама жасады. Онда аудан жастарының бүгінгі ахуалы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Сессия­да аудандық мәслихат аппаратының басшысы Г.Божанның аудандық мәслихаттың 2025 жылдың І жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы хабарламасы тыңдалды.

Сессия қарауына ұсынылған барлық мәселелер жан-жақты тал­қы­ланып, тиісті шешімдер қа­былданды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 желтоқсан 2024 ж. 113 0