Аудан мерейін тасытқан номинация

Алматы қаласынан жыл соңында жағымды жаңалық орын алды. Қазақ Спорт және туризм академиясы және «Спорт жұлдыздары» журналының ұйымдастыруымен өткізілген «Жыл үздігі – 2024» салтанатты іс-шара сында аудан спортының мерейі тасыды.
Жылдың қорытынды іс-шарасында Сырдария аудандық спорт клубының ұжымы үздіктер қатарынан көрінді. «Үздік аудандық спорт клуб – 2024» номинациясы ұжымның басшысы Диас Әлжановқа табысталды. Айта кетейік, аудандық спорт клубында 40 қызметкер жұмыс істейді. Олар 10 спорт түрі бойынша жастарды спортқа баулып келеді.
– Сала мамандарының өлшеусіз еңбегі ақталды деп айтааламын. Осы күні футбол, асық ату, тоғызқұмалақ, волейбол, үстел теннисі, қол күресі, гір көтеру, ережесіз жекпе-жек, ММА, жеңіл атлетика, бокстан спортшылар жаттығып келеді. Ұжымның жетістігі айтарлықтай жеткілікті. Жасөспрімдер арасында өткізілген футболдан ҚР чемпионатында Дәулет Досанов пен Бексұлтан Бабабек бақ сынады. Сонымен қатар «ММА ARASHI» спортынан ел біріншілігінде Диас Кәжденбеков пен Асылжан Абетов І орынды, Қуаныш Сансызбай ІІ орынды иеленді. Қол күресінен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында Жанболат Әлсейтов респбуликада үздік деп танылса, ардагер спортшылардан бәсі биік болған Төлеген Жақып алтын жүлдені қанжығасына байлады. Гір көтеру спорты бойынша ҚР Чемпионатында Шакиза Оразбекқызы ІІІ орын, Азия чемпионатында мақтаулы спортшымыз Оразбек Медетбаев 73 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей қос алтын алды. Аудандық спорт клубының ұйымдастыруымен бұқаралық 50-ге жуық спорттық жарыс өткізілді, – дейді аудандық спорт клуб директоры Диас Әлжанов.
Б.ОРДАБЕКОВ