Ардагерлер арасында бильярдтан турнир өтті
Тәуелсіздік – қазақ халқының басты құндылығы. Бұл – киелі жеріміз бен келешек ұрпақтың бостандығы үшін күрескен ата-бабаларымыздың асқақ армандары орындалған күн. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге – 33 жыл. Мерекеге орай «Достық үйінде» ардагерлер арасында бильярдтан аудандық турнир өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен өткен турнирде 16 ардагер өзара бақ сынады. Дәстүрлі түрде өткізілетін ақсүйектер ойыны аталатын доданың мақсаты – ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздіктің маңызын насихаттау.
– Еліміздің жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі, мәңгілік құндылығы – Тәуелсіздік екені сөзсіз. Осы ретте, аудандық ардагерлер кеңесі шыдамдылықты, төзімділікті қажет ететін бильярдтан ардагерлер арасында облыстық жарысқа іріктеу өткіздік. Біздің ардагерлер спорттың қай түріне болсын белсенді қатысады. «Заман жақсы болса, жас көрінер қартың да» демекші, турнирге қатысушы ардагерлердің ең үлкені – Рақымжан Бәйменов. Ардагерлер ойын барысында дәлдік пен ептілік танытып, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Облыстық жарысқа жолдама алған ардагерлерге сәттілік тілеймін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Өз шеберліктерін көрсете білген ардагерлерге жарыс соңында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы мен кент әкімінің дипломы мен Алғыс хаты табысталды. Турнир қорытындысы бойынша облыстық жарысқа 3 ардагер жолдама алды. Атап айтар болсақ, 85 жастағы Нағи Ілиясов ауылының ардагері Еркін Бекенов, кент ардагерлері Мектепхан Елеусінов, Ғабит Тұңғышбаев іріктеуден өтіп, дипломмен марапатталды. Ал, тартысты ойын көрсеткені үшін Алғыс хатпен Рақымжан Бәйменов, Төлеу Сүлейменов, А.Тоқмағамбетов ауылының ардагері Серік Қошқаров марапатталды.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА