Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «От шашамын» деп, айыппұл арқаламаңыз

«От шашамын» деп, айыппұл арқаламаңыз

Бұрын жаңа жыл жақындағанда түрлі пиротехникалық «шартылдақтардың» саудасы қыза түсетін. Қазір отшашудың алуан түрін жылдың он екі айында да сауда орындарынан сатып алуға болады. Себебі отшашуды аспанға ату жаңа жылдың ғана сәні емес, кез келген отбасылық мерекелерде қуаныштың белгісі ретінде жарқылдату әдетке айналды. Одан қалды мектеп оқушылары кешқұрым сабақтан қайту жолында қытайдың иісі қолқаңды алатын динамитін атуға құмар. Бұл атылғыш затты кәмелетке толмаған балалар кез келген дүкеннен сатып алады. Ал дұрыс пайдаланылмаған жарылғыш заттың зардабы шаш етектен екеніне жасөспірім мән бермейтіні өкінішті.

Иә, қытайдың жалт-жұлт еткен атылғыш заты аспанда түрлі-түсті отпен әсем көрін­генімен, бір сәттік қызық үшін пайдаланған отшашудың кесірі денсаулыққа зақым тигізеді. Сондықтан жыл сайын елімізде «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Бұл іс-шара желтоқсан айынан қаңтар айына дейін жалғасады. Арнайы іс-шара кезінде пиротехникалық бұйымдарды сертификатсыз сатқандар, яғни, рұқсатсыз сату деректері рейд кезінде анықталады. Себебі қауіпсіздік адам өмірі үшін маңызды.

– Сырдария ауданы полиция бө­лімінің қызметкерлері аудандық Өртке қарсы қызмет бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесіп 2024 жылдың 5 желтоқсанынан бас­тап 2025 жылдың 3 қаңтарына дейін аудан аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осыған орай жер­гілікті атқарушы органдармен, аумақтық мемлекеттік кіріс және азаматтық қорғау органдарымен бірлесіп, сертификатталмаған пиро­­тех­никалық бұйымдарды сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мереке қарсаңында балалардың жара­қат­тануына жол бермеу мақсатында барлық білім беру мекемелерінде жергілікті полиция қызметі бөлім­шесінің ювеналды полиция тобының инспек­торлары, Әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Өртке қарсы қызмет бөлімшесінің қызмет­керлерімен бірлесіп, оның ішінде білім беру мекемелерінің аумағында пиротех­никалық бұйымдарды пайда­ланудың жолын кесуге бағытталған қауіпсіздік іс-шараларына түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Барлық анықталған заңбұзушылық фактілері бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады, – дейді полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Сейлхан Кеукенов.

Кез келген сатып алушы пиротех­никалық өнімді сатушыдан оның сертификатын талап етуге құқылы. Сонан соң пиротехниканың жарамдылық мерзімін мұқият қа­рау керек. Сыртқы қап­тамасында қолдану жөніндегі нұсқаулық мем­лекеттік және орыс тілінде болуы қа­жет. Мұндай талаптар болмаған өнімді пайдалануға мүлдем болмайды.


Негізінен Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы Кодекстің 196-бабы бойынша тыйым салынған, шектелген тауарлар сатқаны үшін 86250 теңге айыппұл салынады. Жеке тұлғалардың тыныштығын, белгiленген тәртiптi пиротехниканы қолдана отырып бұзғаны үшін 69000 теңге мөлшерiнде айыппұл салынып, пиротехникалық бұйымдар тәркiленеді (ӘҚБтК 436-бабы). Сон­дай-ақ Кодексте «тұрғындардың демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ға дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 17250 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 69000 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 103500 теңге, ірі кәсіп­керлік субъектілеріне 345000 теңге мөлшерінде айыппұл салынады» делінген. Бұл әрбір қазақстандық үшін жазылған заң. Сондықтан от шашамын деп, айыппұл арқалап жүрмеңіз.
Ал адам денсаулығы бірінші байлық десек, денсаулыққа кесірі тиетін пиротехниканың зардабы туралы айтсақ, көбіне қол жарақаттанады. Атылмай қалған отшашудың себебін анықтаймын деп көзіңізді де зақымдап алуыңыз мүмкін. Жалпы денсаулығыңызға зақым тиіп кетпесін десеңіз, мүлдем пиротехникадан бас тартыңыз. Дене жарақаты оңай орнына келетін нәрсе емес. Сондықтан сақтансаң, сақтайды дегендей, сақ болайық!

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ

Фото:el.kz

10 желтоқсан 2024 ж. 104 0