Отшашудан келетін қауіп қандай?
Жаңа жылға да санаулы күндер қалды. Жасыл шыршаның қарсаңындағы қарбаластың бірі – пиротехникалық заттар таңдау. Алайда көктің көркін келтіретін түрлі-түсті отшашудың пайдасынан зияны көп. Жаңа жылдық түнде жалын шарпып күйік жарақатынан ауруханаға түсетіндердің саны көп дейді сала мамандары. Мерекені тағатсыздана тосатын тұрғындар атқыштар үшін қанша қаражат құртады? Оның біздерге келтірер зияны қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы Заңына сәйкес атқыштарды арнайы дүкендер ғана сатуы тиіс. Аталмыш лицензияны тек Ішкі істер министрлігі ғана бере алады. Алайда кәсіпкерлер ірі қалалардан отшашуды кең көлемде әкеліп, базар мен көшелерде сауданы қыздыруда. Лицензиясы болғанымен, көше мен дүкендерде пиротехникалық заттарды сату өте қауіпті. Себебін біз жеткізбесек те ұғынықты болар.
Жаңа жыл басталуын асыға күтетін әлем елдерінде бұл заттарды қаншалықты жиі пайдаланады? Мысалы дәл осы мерекеде көк түтіннен көз ашпайтын Қытай тұрғындары пиротехникалық заттарды сирек қолдана бастапты. Халық ішінде жүргізілген сауалнама бойынша тұрғындардың 45 проценті отшашудан мүлдем бас тартқан. Бейжің билігі тіпті мереке күндері отшашуларды сатуға да, атуға да тыйым салған екен.
Пиротехникалық заттардан келетін зардаптың басым көпшілігі оның құрамында екенін біле бермейміз. Айталық, зиянды ұнтақ, химиялық қоспалар және металл санының шеткен тыс көптігі ағзаға кері әсерін тигізеді. Сіз «50 рет атылады» деп алған отшашуыңыз кемінде 40 не болмаса 19 рет атылуы мүмкін. Бірақ ешқашан 50 рет атылмайды. Оның қанша рет көкке ұшқанын санаған бала елуге жетпеген соң шайқайды болмаса ішіне үңіледі. Жарақат алу ықтималдығы жоғарылайды осы тұста. Қауіп айтпақ-ақ келгенін білмей қаласыз.
Өзге елдер мұндай адам өміріне қауіпті заттарға тосқауыл қойып жатса, біздің халық керісінше бар жиған тергенін жаңа жылға тәттілер алып, отшашудың түрлерін таңдаумен әлек. Фейерверкті көп пайдаланатымыз соншалық өндіруші компаниялар да түрлі айлаға көшкен іспетті. Қазақы атаумен еліміздің түрлі көзтартар ғимараттарының атын қойып, бөлшек сауданы қыздыруда. Мысалға «Baiterek» деген петардың құны 52 мың теңгені құрайды екен. Жалпы 38 мың тұрғыны бар біздің ауданда бір ғана петардың құны 500 теңгеден кем емес. Бұл арада қызық үшін көпшілік опық жеп қалады. Әр жаңа жыл сайын елімізде 200-дей бала аурухана төсегіне танылады. Отшашу заттарынан бірінің көзін күйік шалған, бірінің бармағын жұлып кеткен.
Аудан әкімдігінде өткен аппапрат мәжілісінде аудан басшысы осыған аса сақтық танытуды ескертті. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімі мен аудандық өрт қызметі қызметкерлері бірігіп сауда дүкердеріне рейд ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мұның барлығы сақтық шарасын қамтамасыз ету тұрғысындағы қауіпсіздік шаралары.
Майя ҚОЖАБАЙ