Рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда
ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқамасына сәйкес республиа аумағында 15 желтоқсан мен 12 қаңтар каралығында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Осыған орай аудандық полиция бөлімі бастығының тапсырмасы негізінде ауданда рейдтік іс-шаралар өткізіліп, пиротехникалық өнімдерді сақтау мен қолдану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің мәліметінше, жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындардың пиротехникалық өнімдерді дұрыс қолданбау салдарынан жарақат алу ықтималдылығы жоғарылайды. Осыған орай құқық қорғау органдарының қызметкерлері тиісті сала мамандарымен бірлесіп ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді күшейткен.
– Жедел-профилактикалық іс-шараның басты мақсаты – пиротехникалық өнімдерді дұрыс қолданбау салдарынан орын алатын төтенше жағдайды болдырмау. Осы мақсатты қазір күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әсіресе, дүкен иелеріне пиротехникалық өнімдерді сақтау ережесін түсіндіріліп, жадынамалар таратылуда. Сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді сатылу дерегі анықталған жағдайда сатушыны заң аясында жауапкершілікке тартамыз. Аудандық полиция бөлімінің ұсынысына сәйкес аудандағы білім беру мекемелерінде қауіпсіздік іс-шаралары туралы дәрістер өткізілуде. Бұл бағыттағы жұмысқа төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары да атсалысуда, – дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы С.Кеукенов.
Атап өту керек, белгіленбеген жерлерде пиротехникалық өнімдерді жару жағдайы орын алса, пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркіленіп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі шеңберінде 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мұнан бөлек пиротехникалық заттарды есепке алу, пайдалану, тасымалдау, сақтау ережесі бұзылса, жеке тұлғалар 5 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық ұйымдар 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері 15 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері 45 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал ҚР Заңнамасымен еркін сауда жасауға тыйым салынған заттар мен тауарларды сатумен айналысқандарға да жауапкершілік көзделген.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ