Пиротехника – қауіпті
Сырдария ауданы аумағында 2022 жылғы 25 желтоқсан – 2023 жылғы 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Осыған орай аудандық полиция бөлімі бастығының тапсырмасы негізінде ауданда рейдтік іс-шаралар өткізіліп, пиротехникалық өнімдерді сақтау мен қолдану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Жедел-профилактикалық іс-шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, есепке алу, қолдану, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді, жеткізіушілерді анықтау, қоғамдық орындар мен көшелерде, тұрғын үйлерде осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады. Аталған іс-шараға байланысты аудан көлеміндегі базарлар мен сауда орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мереке қарсаңында балалар арасында жарақат алуды болдырмау мақсатында, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша барлық білім беру мекемелерінде ЖПҚб-нің мектеп инспекторларымен кәмелетке толмағандармен пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудың жолын кесуге назар аударылып, қауіпсіздік шаралар туралы дәрістер өтуде.
Елді мекендерде және бұл үшін белгіленбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару орын алған жағдайда, пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркілене отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ азаматтық пиротехникалық заттардың және олардың қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы қызмет құқығына лицензиясы бар тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды қолданып жасалатын бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, олармен сауда жасау, оларды жою, әкелу, әкету тәртібін бұзған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 483-бабы 1-бөлігі бойынша пиротехникалық құралдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 15, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек, еркін сауда жасауға Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен, заттармен сауда жасау ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғатынын ескертеміз.
Әсіресе, жаңа жыл кешінде кез келген отбасы пиротехниканың сан алуан түрін қолданып, өздеріне мерекелік көңіл күй сыйлайды. Пиротехника қауіпті болғандықтан, оны қолдану техникасын білген жөн. Жас балалардың қолына ересектердің қадағалауынсыз мүлдем беруге болмайды.
Сырдария аудандық полиция бөлімі