Ұстаздар – газеттің тұрақты оқырманы
Қазіргі таңда 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны аяқталуға жақын. Осы істе белсенділер немесе жауапты науқанға «жүрдім-бардым» қарайтындар табылады. Ал мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналатын баспасөзге жазылуға өз үлестерін қосып, ұйымшылдық пен жауапкершілік танытқан ұжым-мекемелер ерекше атап өтуге тұрарлық. Осындай белсенділердің бірі – аудандық білім бөлімі ұжымы.
Жалпы соңғы жылдары ауданның білім саласы айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинап, болашақ өмірлік мамандықты игеруге жоғары оқу орнына түсіп жатқан талапкерлер көп. Бұл көрсеткіш бойынша Сырдария ауданы соңғы жылдары аймақ аудандарының алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Бұл арада оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз.
2019-2020 оқу жылын аудандық білім бөлімі жақсы жетістіктермен бастады. Сырдариялық оқушылар көптеген халықаралық, республикалық білім бәсекелеріне қатысып, биік белестерді бағындырып келеді. Олар өздерінің білімдерін дәлелдеп, оқуда үздік нәтиже көрсетуде. Аудандық білім бөліміне жақында Қалихан Омаров басшылық қызметке келіп, саланың дамуына серпін берді.
Аудан айнасы болған «Тіршілік тынысы» газетінің оқырманы артқан сайын басылымның сапалық, мазмұндық деңгейі жоғарылай бермек. Міне осыған аудандық білім бөлімі ұжымы жыл сайын үлес қосып келеді. Атап айтқанда, облыстық газеттермен қоса аудандық басылымға жазылу жоспарын толық орындады. Биыл да берілген межені 100 процент орындап, газет таралымының артуына атсалысты. Нақтырақ айтқанда, 1219 дана «Тіршілік тынысына» жазылу керек болса, осы межені ұстаздар қауымы толығымен орындап шықты. Бұл арада 120 дана газетке жазылған Шаған ауылындағы №37 орта мектепті, 100 данаға жазылған аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеплицейді, 85 дана газетке жазылған Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектепті, сондай-ақ аудандағы өзге де мектептерді атап өтуге болады.
– Білім саласы – аудандағы ең үлкен ұжымдардың бірі. Бала бағбаны болып, оқушыларды біліммен сусындатуда ұстаздар аянбай еңбек етеді. Олар қоғамдық-мәдени шараларда белсенділік танытып, қоғам өміріне етене араласады. Біздің жұмысымыз баспасөз құралдарымен тығыз байланысты. Өйткені білім саласындағы жаңалықтар, жетістіктер үнемі аудандық басылым бетінде ақпараттандырылып келеді. Сондықтан аудандық басылымға жазылуда ұстаздардың ерекше белсенділік танытатыны сол, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Омаров.
Иә, айтқандай-ақ білім саласы – үлкен ұжымдардың бірі. Ұстаздардың аудан тынысымен үнемі танысып отыру үшін жыл сайын аудандық газетке жазылудағы белсенділігі қуантады. Яғни ұстаздар – газеттің тұрақты оқырманы екені даусыз. Аудандық басылым таралымының көбеюіне үлес қосып келе жатқан ұстаздарға айтар алғысымыз мол. Шығармашылық табыс, жұмыстарына жеміс тілейміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ