Жастар арасында «Жыл үздіктері» марапатталды
Жастар қай қоғамда да қозғаушы күш болып саналады. Жастар әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі әрі жұмыс күші екені даусыз. Оның үстіне, бүгінгі жас ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы екенін ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы артады.
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің кемел болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Жастар – бұл кез келген заманауи мемлекеттің стратегиялық әлеуеті. Сондықтан бүгінде елімізде жастар саясатына үлкен мән берілуде. Статистикалық деректер бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз – жалпы халықтың 30 пайызы жастар деген сөз.
Жақында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен әр салада жемісті еңбек етіп жүрген, түрлі саланың қыр-сырын меңгерген белсенді жастарға «Жыл үздігі-2024» номинациясын тапсыру салтанатты кеші өтті.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, кент және ауылдық округтердегі жастармен жұмыс істейтін мамандар, белсенді жастар, еріктілер, сала мамандары қатысты.
Мерекелік жиында сөз алған аудан әкімі жастарды жылды табысты қорытындылауымен құттықтап, ауданда атқарылған жұмыстарға, жетістіктерге тоқталды.
– Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жас отбасыларға жаңа өмірге қадам басар «Отбасы орталығы», жас бастамашыл балақайларға арналған заманауи «Оқушылар сарайы» бой көтерді. Жас спортшыларымызға арналған «Теннис» орталығы, «Жайлы мектептер» пайдалануға берілсе, жаңа стадион, «Инновациялық-шығармашылық орталық», музыкалық колледж ғимараты құрылысы басталды. Барлық ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталықтары» бой көтеруде. Бұл жұмыстар жастардың игілігі үшін жасалуда. Аудан жастарына арналып Тереңөзек кентінің көрікті жерлерінің бірі – кіреберістен «Жастар» аллеясы жасалды. Бұл жастарға деген құрметіміз деп біліңіздер. Жаңа бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Алдағы уақытта да аудан дамуына аянбай еңбек ететіндеріңізге сенемін, – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Іс-шара барысында әр сала бойынша жыл үздіктері анықталып, аудан әкімінің құттықтау хаты және естелік сыйкәде табысталып, құрмет көрсетілді.
Үздіктердің қатарында Аманкелді ауылдық округінің жастар маманы Бексұлтан Серікбаев жыл қорытындысымен «Үздік маман» атанса, аудандық газеттің тілшісі Алтынай Қайратқызы «Жыл үздігі» номинациясын иеленді. Әріптесіміз жас та болса журналистика саласына, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жастар саясатын ақпараттандыруға үлес қосып келеді. Журналистің жетістігіне редакция ұжымы шынайы тілектестігін білдіреді.
Мерекелік жиын қызықты ойындармен, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жастар кешіне ұласты.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ