«Еңбек бригадасы мен жас кәсіпкерлер» фестивалі
Елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Соның бірі ауыл жастарын көтеру мақсатында құрылған еңбек бригадасының атқарар рөлі мен маңызы айрықша. Осыған орай кент мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен кәсіпкерлік, өнеркәсіп бөлімі мен жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Еңбек бригадасы мен жас кәсіпкерлер» фестивалі өтті.
Ауқымды фестивальге аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов, жастар мен кәсіпкерлерді әрдайым қолдап жүрген азаматтар мен белсенді жастар қатысты.
Фестиваль барысында жас кәсіпкерлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде кәсіпкерлердің бал, сүт өнімдері, қолөнер, бахила, көкөніс, қауын-қарбыз сынды басқа да өнімдер ұсынылды. Аудан әкім Берік Сәрменбаев жас кәсіпкерлердің нәтижелі жұмысымен арнайы танысып, керемет жәрмеңкенің куәсі болды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жәрмеңке жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара еңбек бригадасының өнімі мен мемлекеттен қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алу арқылы қолдау тапқан жас кәсіпкерлерді, олардың өнімдерін жәрмеңке арқылы халық назарына шығарып, қолдау көрсетіп, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Фестивальде аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев сөйлеп, еңбек бригадасы мен жас кәсіпкерлердің жемісті еңбегіне тоқталып өтті. Сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов жас кәсіпкерлерге бағытталған бірқатар жобаның нәтижелі жұмыстарына тоқталып, фестивальдің маңызын тілге тиек етті.
– Өздеріңізге белгілі, қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші – жастар. Сырдария ауданында 2019 жылы – Жастар жылы аясында жастардың еңбек бригадалары құрылып, өз жұмыстарын бастады. Аудан әкімінің қолдауымен ауданға қарасты 6 ауылдық округінен жастар бригадалары қайта құрылды. Бригада қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы жастар, пробация есебінде тұратын жастар жұмыс жасауда. Егін науқаны барысында жастар бригадаларына 200-ге тарта жас еңбек етуде. Аманкелді, А.Тоқмағамбетов ауылдық округтерінің жастарын Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округіне тәжірибе алмасуға жіберіп, егін егу тәсілдері үйретілді. Барлығы 60 гектар жер дайындалып, 25 гектарға бақша дақылдары мен 35 гектарға картоп тұқымы орналастырылды. Жастар бригадалары аудандық, облыстық көрмелерге қатысуда. Қорытындылай келе бизнестің бастауын егін егу деп білетін аудан жастарына алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев.
– Еліміздегі жас кәсіпкерлер ерекше қолдауға ие. Қазіргі таңда жұмыссыздықты азайту, бизнесті қолдау, инвестицияны дамыту мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жалпы Сырдария ауданы бойынша шағын және орта бизнес саласында 800-ге жуық жас кәсіпкер бар. Жалпы тіркелген кәсіпкерлердің ішінде жастардың үлесі – 29,0 пайызды құрап отыр. Бұл дегеніміз жастардың осы салаға қызығушылығын көрсетеді. Жастарды қолдау мақсатында жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беру жұмыстары 2023 жылы бастау алған болатын. Бұл бағдарлама арқылы 88 жас кәсіпкер 400,0 млн теңге несие алып, кәсібін дөңгелетуде. Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 жас кәсіпкер 30,0 млн теңгеге қаржыландырылды.
Сонымен қатар басқа да мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы құны 300 млн теңгені құрайтын 35 жоба несиелендірілді. Бүгінгі еңбек бригадалары мен жас кәсіпкерлер фестивалі жастарға серпін беру, ынталандыру, жас кәсіпкерлерді бір жерде бастарын қосып тәжірибе алмасу мақсатында өтіп отыр. Сондықтан кәсіптеріңізге береке берсін, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін, – деді Алмат Сәдуақасов.
Жыл бойы нәтижелі жұмыс жасаған еңбек жастары аталымдар бойынша марапатталды. Нағи Ілиясов ауылының жас кәсіпкері Айдана Маратқызы «Үздік жас кәсіпкер» номинациясына ие болды. Асқар Тоқмағамбетов ауылының жастары «Үздік еңбек бригадасы» атанды. Одан бөлек «Еңбек бригадасы мен жас кәсіпкерлер» фестиваліне қатысушы жастарды арнайы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сансызбайұлы алғыс хатпен марапаттады. Марапат иелеріне арнайы диплом пен сый-сияпат табысталды.
Кәсіптің көзін егіннен тапқан ауыл жастары табысын одан әрі арттыра бермек. Жастар тың кәсіпті игеріп, егінге бет бұрған жағдайда аудан халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі жоғарылай түсері анық. Бизнестің бастауын егін егу деп білетін еңбек бригадасы мен жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ белсенді аудан жастарына сәттілік тілейміз!
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ