Анашым сені ойласам...
Сағыныш... Туған елге, жерге, ата-анаңа, бауырларыңа деген сағыныш алыста жүргенде ерекше сезіледі. Күз менің өмірімде әртүрлі оқиғаларымен есте қалды. Мен үшін мұңға басым жыл мезгілі. Ардақты ата-анам екеуі де күзде қайтты. Олардай жанашырды қайдан табарсың, енді?!
Осыдан біраз жыл бұрын, ол кезде Ақам да, папам да бар. Ауылға демалысқа барып келе жатқан кезім еді. Купенің іші қапырық болып кеткесін, терезе алдында тұрғанмын. Кенет бір таныс бейне көзіме шалынды. Адам ұстазын ұмытар ма?! Кәрима Бектасова апайымыз, төртінші сыныпта бізге қазақ тілінен сабақ берген еді. Керемет қазақы реңді, әдемі кісі еді. Аласа бойлы, дөңгелек жүзді, қараторының әдемісі болатын. Жақындап барып, сәлемдестім. Апайдың алдынан қанша оқушы өткен, қайсыбірі есінде қалды дейсің? «Тереңөзектенмін» дегенге ол кісі елең ете қалды.
– Ағаңның жұмысымен біраз жерде тұрдық қой. Десе де Тереңөзектің халқы – керемет, жайдары, кеңпейіл, – деп апайым сол жылдарды ризашылықпен еске алды.
– Кімнің баласысың? – деп сұрады. Мен әке-шешемнің атын атадым.
– Ой, Ахаңның қызы екенсің ғой, мамаң қандай тамаша адам, бар ма, денсаулығы қалай? – деп сұрады.
– Шүкір, тек көп ауырады, – дедім.
Содан жол ұзақ, апай екеуміз біраз әңгімелестік. Ол кісі өзін танығаныма риза болды.
... Екеуі бірінсіз бірі тамақ ішпейтін. Анашым «Әкелерің келсін, әкелеріңе қараңдар, әкелеріңді ренжітпеңдер!» деп папамызды биікке көтеретін. Біздің әкеміз Қонысбайдың жеті сыныптық білімі болса да, небір жоғары білімділеріңізді жаңылдыратындай көкірегі ояу, көзі ашық адам болды. Бір кездері өзінен үлкен кісілерге сабақ та берген екен. Біздің алгебра, геометрия есептерімізді шығаруға көмектесетін. Үлкеніміз Үміттің математикаға деген қабілетін де ерте байқаған папам еді.
«Өнерді үйрен де, жирен» деп отыратын бізге. Осы ауылдағы ескі үйді мамам екеуі кесегін құйып, есік, терезесін, еденін өзі жонып, өзі салды. Папамның қолынан көп нәрсе келетін, тері де илейтін, етігін де өзі жамап, жасқап алатын. «Тиянақты, жинақы, ұқыпты болыңдар» деп отыратын. Папам өте еңбекқор болды, зейнеткерлікке шығар алдында көп жыл нан таситын мәшинені айдады. Папамның еңбекқорлығы, халыққа қызмет етудегі адалдығы туралы көз көргендер әлі күнге дейін ерекше ризашылықпен айтып отырады.
Біздің анамыз Ақтеңге Раманқызы Әбдіраманова Сыр елінен, бәлкім бүкіл республикадан шыққан тұңғыш қазақ телефонисткаларының бірі болар. Оны мен өзімнің анам болғасын мақтан көріп айтып отырған жоқпын. 1930 жылы дүниеге келген анам, жастайынан жетім қалады, бірақ бауырмал ағаларының тәрбиесі арқылы кездескен қиындықтың бәрін жеңе білді. 1946 жылға дейін үш ағайынды кісінің отбасының ортасындағы жалғыз қуаныш әрі алданыш болды. Бұл жайында нағашы апамыз Рахима былай деп еске алған еді:
«1946 жылы мен туғанша Ақаны ағам да, әкем де, шешем де, жеңгелеріміз де қатты жақсы көріпті. Әлі есімнен кетпейді, ағам соғыстан келгеннен кейін, Ақаның Тереңөзектегі жұмысына, «Қараөзектен» таң ата есегін ерттеп шығып, апамның пісірген ыстық тамағын жаман шинелінің қойнына орап, түске дейін суытпай апарады екен.»
Оны Ақа дейтінбіз. Өйткені үлкеніміз Үміттің тілі осылай шыққан. Бүкіл ел де «біздің Ахаң» деп құрметтейтін. 1946 жылы Рахима, одан кейін басқа да нағашы аға-апаларымыз дүниеге келеді. Бұл кезде анамыз жасы он алтыға толар-толмастан Тереңөзектегі байланыс бөлімшесіне үйренуші телефонистка болып жұмысқа тұрады. Ол кезде техникалық мамандықтарға екінің бірінің, соның ішінде қазақтардың батылы бара бермейтін. Соғыстан кейінгі ауыр кезең, жоқшылық, таршылық. Үш үйлі жанның аздаған уақ малы болыпты, бәрі де сол кезде жалғыз жұмыс істейтін біздің Ақаның табысына қарап отырыпты.
Мамамның алғашқы ұстазы Сима-Серафима Попова деген орыс әйел болды. Әлі есімде мамам сол кісіні өмір бойы құрметтеп өтті, әр мейрам сайын барып сәлем беретін. Бертінге дейін аудандық байланыс бөлімінде Люба, Валя, Рита, Таня және т.б. орыс мамандар көп болды, солардың бәрімен сыйласып өтті.
Анамыз орыс мектебінде оқыған. Өте ақылды, зерек болыпты. Өзі айтып отыратын «Мектепте жақсы оқыдым, тек неміс тілі сабағына қатыспайтынмын, баламын ғой, ағаларымды соғысқа алып кеткеннен кейін неміс тілін де жек көріп кеттім» деп.
Марқұм Рахима апамның естелігінен: «Ақа жұмыстан қанша шаршап келсе де бізге көрсетпейтін. Біздің бәрімізді тамақтандырып, шомылдырып, киімімізді жаңалап, қыздардың шашын тарап, ұлдардың сабағын қарайтын. Дүние қат кезең. Жоқтан бар жасап, көйлек тігіп беретін. Айлық алған күні бәрімізге тәттілер әкелетін. Менің, Айымның, Тоғжан, Бағжан, Тоқтыбай, Нұрлан, Бота, Ұзақбай, Серікбай бәріміз кішкентай қоржын тамда ұйықтаймыз. Сонда байқағаным, Ақа кейде айдың жарығында көп уақытқа дейін кітап оқып отыратын. Қасына барып сұрасам, бұл «Абай жолы» деген кітап, жазған Мұхтар Әуезов. Абай қазақта біреу және одан артық ешкім қазақ туралы жаны ашып жазбаған, – деп түсіндіретін. Ақа неге олай айтты деп ойланып қалам, ертесіне ойынмен жүріп ұмытып кетем. Бірақ Ақаға қарап, біз де сабақты жақсы оқитын болдық. Ақа не істесе, біз соны істейтінбіз, ол бізге барлық жағынан үлгі еді.»
Марқұм Нұрлан ағамның естелігінен: «Ақаның қашан келсең қазаны қайнап, самаурында шайы дайын тұратын. Осы біздің жоғары білім алып, жақсы адам болғанымызды қалады. Әрқайсымыздың қабілетімізді көріп, бағыт-бағдар берді. Егер өмірде жақсы адам болып қалыптассақ, ол әрине ата-анамыздың, бірақ көбінде Ақаның арқасы. Ақа бізге әрі аға, әрі апа болды. Үнемі қорғап, қамқоршы болып жүретін.»
Нағашымыз Мырзатаев Рысбай аға ұзақ жыл мал бақты, қазір «Қараөзекте» тұрады, сол кісі айтады: «Ақтеңге болмағанда, менің кім болатыным белгісіз. Бірде менің бұзақы балаларға еріп жүргенімді байқап қойса керек, жаман жолға түсіп кетпесін деп, қолымнан жетектеп апарып, өзі мектепке берді. Сол үшін мен әлі күнге ризамын.»
Анамыз бір жерде, аудандық байланыс бөлімінде, табан аудармастан, қырық жылдан аса тұрақты жұмыс істеп, үлкен абырой-беделге бөленіп, зейнеткерлікке шықты. Алған марапаттары қаншама. «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанды, медальдары бар. Суреті кезінде Мәскеудің Бүкілодақтық көрмесінде ілулі тұрды. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Олардың арасында Зәкира Отызбаева, Зағира Сарманбаева, Ғалия, Күләш, Алтынай, Ирина тағы басқалары бар.
«Бірінші» тыңдап тұр» дегеннен-ақ, анамыздың әдемі қоңыр даусынан жұртшылық өзіне керекті жерлерімен, туған-туыс, бауырларымен, қызмет бабымен қиналмай-ақ байланысып жататын. Сөзі өткір, өзі орысшаға жетік. Ол кезде телефонистердің жұмысы өте қажет және қат әрі жауапкершілігі мол мамандық еді.
Анашымның дауысы өте жағымды болатын. Көп сөйлемеуші еді. Аз сөзбен-ақ көп нәрсені ұғындыратын. Анамның кейде бір той-томалаққа жинала қалған кезде абысын-ажынның әңгімесі ұзаққа созылып, қазақша айтқанда жайсыз әңгімелерге ауысқанда, сол адамға қаратып, «Айналайын, енді үйіңе барып бала-шағаңды қуантсаңшы» деп айтатыны бар еді. Мұның өзі қазір ойласам, үлкен тәрбие екен ғой.
Менің курстастарым анамды жиі еске алады. «Сенің мамаң жақсы кісі еді ғой. Саған хат жазып, жиі посылка салатын» дейді. Иә, менің анашым керемет кісі еді, мамамның посылкасынан өзіме бір-екі түйір құрт тиеді ме, жоқ па, білмеймін, әйетуір бәріміз бөлісіп жейтін едік. Анашымның қазы-қартасы, құрт майы, қызыл ірімшігі, бауырсағы, қуырдағы, талқаны мен майсөгі қандай еді. «Казалинский кирпичный завод» деген жазуы бар қағазға оралған ащы кәмпиті ше? Тіпті біз бір ай Қостанайда қырманда сельхозкада жүргенде, анамның сәлемдемесін алып, мәз-мейрам болып қалатынбыз!
Біз мектепке жақын, көрші тұрдық. Марқұм анашым Ақтеңге Раманқызы «Жұрттың әрі кетсе бес-алты көршісі бар, біздің мың көршіміз бар» деп отыратын. Шелпек пісірген күні жұмыстан шаршап келе жатқан ұстаздарға немесе доп қуып жүрген балаларға тарататын. Сонымен бірге, мектептің артындағы бөлмежайда жас мұғалімдер отбасымен уақытша тұратын. Анашым таңертеңгі сауған сүті мен піскен айранын, шайқаған майын, пісірген тапа нанын соларға апарып беретін.
Алматыда тұрған марқұм жиен апамыз Гүлнар кезінде анама деген ризашылығын былайша білдіретін: «Бірде Маңғыстауға бара жатқан жолсапарымда, поезд Тереңөзектен өтті. Екі-ақ минут тоқтайды. Сонда Ақа поезға шығып, маған түйіншегін беріп үлгерді. Қарасам, ып-ыстық тапа нан, жылы сүт, пісірілген ет. Ешқашан ұмытпаймын...
Мамам өзіне шақ, үйлесімді киімдер киетін, талғамы жақсы болатын. Наубайхананың жанындағы кәріс апайға немесе тағы бір жүзі жылы қазақ апайға көйлек тіккізетін. Сол тігіншіге апарып, маған да оқуға кетерде бірнеше көйлек тіккізіп берді. Бізден, балаларынан, ешнәрсені аямайтын. Мәскеуден әйгілі әншілердің пластинкаларын, «Классики и современники», «Библиотека дружбы народов», «ЖЗЛ» (Жизнь замечательных людей) сериясынан көптеген кітаптарды жаздырып алатын.
Анашым туған-туыс, көрші-қолаңға, жүрген ортасына сыйлы, мейірбан, қамқор, қолы ашық, жүрегі таза адам еді. Дүниеге, байлыққа қызықпайтын. «Менің байлығым да, барым да – сендерсіңдер» деп отыратын.
Анашым қоңыр күзде, осыдан он бес жыл бұрын мәңгі мекеніне аттанды. Анамды сағынып, осылайша еске алдым. Сен бізге өмірді сүюді, еңбек етуді, жақсыға қуануды, қолдан келсе, өзгеге көмектесуді үйреттің. Сен қарапайым да дана қазақ әйелінің үлгісі едің. Әрқашан біздің жүрегіміздесің, анашым!
Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ
журналист,
Астана қаласы