Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығармашыл ұстаз

Шығармашыл ұстаз

Мен Ардагүл Алпысқызын бірнеше жылдан бері танимын. Шығармашылыққа жақын ұстаз аудандық газет редакциясымен әркез тығыз байланыс құрып отырады. Оқушыларының шығармалары да «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылған «Рауан» балалар шығармашылығы бетінде тұрақты жарияланып тұрды. Түрлі деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанған алғыр оқушыларын да бірнеше мәрте баспасөзде ақпараттандырған едік.

Қазан айымен бірге келетін ұлағатты ұстаздар күні мерекесі қарсаңында Ардагүл апаймен жақынырақ танысып, өзінің өмірі мен қызметі турасында мақала жазуға мүмкіндік туып отыр. Осы мақсатта шығармашыл ұстазбен сұхбат құрдық.

Ардагүл апай – өте қарапайым жан. Былайғы кезде сөйлесуінің, биязы сөйлеуінің өзі әйел адамға тән нәзіктікті, сыпайылықты, ұстазға тән салмақтылықты аңғартып тұрады. Біздің пікірімізді апайдың әріптестері де қуаттай түседі. «Ардагүл – біздің арамызда ең жетістігі көп, оқушыларының осы күннің өзінде алған асуы мол ұстаз. Ұстаз атына лайық тұлға. Қарапайым, әріптестері арасында үлкен беделге ие. Оның зор абыройға ие болуы өзінің мінезімен қатар әр іске деген жауапкершілігі мен адалдығының арқасында» дейді әріптестері.

Ардагүл Жаңабай көпбалалы отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. Алтын құрсақты анасы Тазагүл Жолдасбаева 10 баланы дүниеге алып келсе, Ардагүл апай отбасындағы балалардың екіншісі. Өзінен кейінгі іні-сіңлілеріне қарайлап өскен ол кішкентайынан көпшіл болған. Ал әкесі Алпыс Жаңабаев қырық жыл бойына совхоз малын бағып-баптаған еңбек адамы, қазіргі таңда зейнеткер.

Жастайынан оқуы мен тоқуы келісіп, әдебиетке, жазуға жақын болған арманшыл бойжеткен Шаған ауылындағы №37 мектепті үздік тәмамдағаннан кейін Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы жоғарғы оқу орнын гуманитарлық бағыт бойынша оқып шыққан. Қолына диплом алып, «нағыз маман» атанған күннен бастап өзі білім алған қара шаңыраққа ұстаз ретінде келіп, содан бері киелі ордада 27 жылдан бері бала тәрбиелеу ісімен айналысып келеді. Бүгінгі күні білім берудің барлық сатыларынан өткен, жоғары білімді, тәжірибелі мұғалім баланы білімнен бұрын тәрбиеге, адалдыққа тәрбиелейтінін айтады.

– Әрбір бала – ертеңгі ел болашағы. Еліміздің жарқын келешегіне айналар «ұрпақ тәрбиелеу» дейтін жауапкершілігі мен мәртебесі зор мамандыққа жан қалауыммен келдім. Және еш өкінген емеспін. Әрине қызметтің қиыншылығы да бар өз ретінде. Бірақ балалардың әркез тасып тұратын күш-қуаты маған жігер береді, – дейді білікті ұстаз.

Ардагүл Алпысқызы мыңдаған шәкірт пен жас мамандарды тәрбиелеуде тайсалмай, өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз. Тәжірибелі маманның білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Оның түрлі деңгейдегі қол жеткізген марапаттарын түгел тізіп шығу мүмкін емес. Облыстық кәсіподақ комитетінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары – ұстаздың күні бүгінге дейін алған асуларының бір қыры ғана. Ұстаздың жетістігі оқушыларымен өлшенетіні рас. Осы ретте Ардагүл апайдың оқушылары да қатысқан байқаудан жүлдемен оралып жүр. Атап айтар болсақ, оқушысы Әйгерім Совет республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінен 1-орынды жеңіп алып, облыстық кезеңде 3-орынға қол жеткізген. Ал Мөлдір Мұратқызы «Кітап оқы да, тұлға бол» байқауына қатысып, 3-орынды қанжығалап, бағалы сыйлыққа ие болған. Сонымен қатар, Мөлдір Маханова, Бақыткүл Убайда, Шырын Мұратова есімді оқушыларының есімін ерекше атап өтпеске болмайды. Ұстаздың жолын қууды мұрат еткен оқушылары шығармашылық пен әдебиет саласына ден қойып, түрлі байқауларда оза шауып келеді.

Халықтың баласын тәрбиелеу ісін абыроймен атқарып жүрген жан қызметте абыройлы маман болса, отбасында аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы Дүйсенбек Тәуекелов те білім саласында абыройлы еңбек етіп жүргенін айта кеткеніміз орынды. Қазіргі таңда №37 мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын Д.Тәуекеловтің негізгі бағыты – тарих пәні. Ұстаздар отбасында бүгінде үш бала тәлімді тәрбие алып келеді. Үлкен қызы Меруерт әкесінің жолын қуып тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша Алматы қаласында білім алған. Қазіргі таңда ұстаздық жолдың алғашқы баспалдақтарымен өсіп-өркендеп келеді. Одан кейінгі қыз Сұлушаш – студент. Алматы қаласында Қазақ бас сәулет құрылыс академиясына биыл оқуға түскен. Үйдің кенжесі Алтынжан бүгінгі таңда 5-сыныпта оқиды.

Халық баласын өз балаларынан кем көрмей тәрбиелеп, үлкен өмірге қадам басуына бағыт беріп жүрген Шаған ауылындағы ұлағатты ұстаздар отбасы, міне, осындай. Бір жанұяда, берекелі шаңырақ астында өмір кешіп жатқан ұстаздар әркез бір-бірімен тәжірибе алмасып отырады. Бала тәрбиелеу ісінде абыройлы қызмет етіп келе жатқан жандарды мерейлі мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тілегіміз келеді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 қазан 2023 ж. 278 0