Аудан ұстаздарының жетістігі

«Тәжірибе алаңының» алғашқы күнінде облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы, депутат Г.Бабабекқызы «Тәжірибе алаңына» 20 жыл толуымен құттықтап, шығармашыл мұғалімдерге сәттілік тіледі.
Өзара тәжірибе алмасу мақсатында өткізілген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының тренері Ж.Жұбауованың «STEM 5E циклі», Ұ.Ешимованың «Нәтижеге бағытталған топтық жұмысты басқару және жоспарлау», О.Ормановтың «Заманауи білім беру жағдайында кәсіби бағдар беруді ұйымдастыру» тақырыбында өткізген шебер сыныбы мұғалімдер үшін тиімді болды. Мұнда ұстаздар өз пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісіп, ерекше белсенділік танытты. Кеш соңында сырдариялық ұстаздар құрамасы «Ауыл кеші көңілді» мәдени іс-шарасында III орын иегері атанды. Ұйымдастыру алқасының жетекшісі С.Құсейіновтің жетекшілігімен «Алтын көмбе – 2023» танымдық ойыны ұйымдастырылды. Танымдық ойын нәтижесінде «Сырдария» құрамасы II орынға қол жеткізді.

Тәжірибе алаңының қорытынды күнінде «Кәсіби құзіреттілікті дамыту: мүмкіндіктер, тәжірибе мен стратегиялар» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясында №210 орта мектептің математика пәні мұғалімі Заманбек Аманбеков баяндама жасап, «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сонымен бірге «Мұғалім мәртебесі» тақырыбындағы ақындар айтысында оқ бойы, оза шауып, жоғары ұпай жинаған №129 мектеп-лицейінің музыка пәні мұғалімі Биболат Опабеков ІІ орынды қанжығасына байлады.
Қорытынды кеште тәжірибе алаңының майталмандары аудандық бiлім бөлімінің әдіскері Зәуре Білісбаева, №139 орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Жұлдызай Накипова, №42 мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі Гүлзат Абдрасилова «Тәжірибе алаңының 20 жылдық» төсбелгілеріне ие болды.
«STEM 5E циклі» бойынша сабақ құрастыруға №42 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Піржан Төлеген қатысып, үздік үштікке еніп, «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Тәжірибе алаңында барлық іс-шараға қатысып, белсенділік танытқаны үшін №36 мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Оразкүл Сейтакбарова «Алғыс хатпен», №137 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Меруерт Жақанова «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Тәжірибе алаңы жұмысының қорытындысы салтанатты түрде облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Бабабекқызы мен институт директоры Б.Елеусіновтың марапаттауларымен аяқталды.
Осылайша, аудан ұстаздары тағы бір шыңды бағындырып, өздерінің кәсіби білімдері мен тәжірибесін арттырып, жоғары жетістіктерге жетті. «Жаңа Қазақстанның болашағы мен ертеңі – жастар» дейтін болсақ, білім саласының қызметкерлеріне сәттіліктер мен толағай табыстар тілейміз!
«ТТ» ақпарат