ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ ПЕН БІРҒАНЫМ ӘЙТІМОВАҒА «БҚО-НЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» АТАҒЫ БЕРІЛДІ
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 17-сессиясы болып, онда Қырымбек Көшербаев пен Бірғаным Әйтімоваға «БҚО-ның құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс қолдау тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сессияға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырымбек Көшербаев пен Бірғаным Әйтімованың елімізге, Батыс Қазақстанның дамуына сіңірген еңбегін атап көрсетті.
Қырымбек Елеуұлы 2000-2003 жылдары Батыс Қазақстан облысына басшылық етіп, өңірді түлету, Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында көптеген жұмыстарды атқарды. 2013 жылдан бері Қызылорда облысын басқарып келеді.
Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, осында еңбек жолын бастаған Бірғаным Сарықызының да қайраткерлік қыры көпке мәлім. Елде басшылық қызметтерде болумен бірге Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды. Қазір – Сенат депутаты.