Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – ортақ мақсат

Балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – ортақ мақсат

Жаңа оқу жылы бас­талар тұста Сырдария аудандық қоғамдық кеңесі аудандағы барлық мектептің директорларын, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын, ата-аналар комитетінің төрағаларын жинап, арнайы жиналыс өткізді. Жиналыстың күн тәртібінде балалар арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау мен алдын алу мәселесі қаралып, аудандық білім бөлімінің есебі тыңдалып, қоғамдағы өте өткір мәселе кеңінен талқыланды.

Кеңес мүшелері алдымен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-ли­цейінің, оқушылар үйінің, педа­го­гикалық-психологиялық түзету ка­бинетінің, кітапхананың, асхананың жұмы­сымен танысып, мониторинг жасады. Сырдария аудандық қоғам­дық кеңесінің төрағасы Маратбек Еспенбетов балалар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстық іс-әрекеттер жиілеп кеткеніне тоқта­лып, тәрбие ісіне қоғам болып жұмы­лу қажеттігін айтты.

– Қай кезде де ұрпақ тәрбиесін ұлы құндылыққа балайтын, еңбек пен білімді ұштастыра білген халқымыз үшін бала болашағы бәрінен қымбат. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесім­ді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін атап өтті. Сәт сайын өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған бүгінгідей дәуірде рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің өзегінен ажырап қалмауға тиіспіз. Мектеп – оқушы – ата-ана үштағаны үйлесімділікте жұмыс жасауы қажет. Қазір жастар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, құқық бұзушылық, қылмыс, суицид, кибербуллинг, топтық төбелес, тағы басқа да келеңсіз жағдайлар жиі кездесуде. Біз өз тарапымыздан кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында шаралар қабылдап келеміз. Жыл басында облыс әкімдігі облыстық прокуратура, облыстық полиция департаментімен бірлескен «Жол картасын» бекітті. Қоғамдық кеңес төрағасы ретінде бұл бағытта облыс әкімінің төрағалығымен өткізілген жиынға арнайы қатыстым. Мамыр айының соңында құқық қорғау органдарының басшылары, ата-аналар мен педагогтер қатысқан, тәрбие саласындағы мәселелер талқыға түскен алқалы жиын өткізілді. Келелі кеңесте бала тәрбиесіне қатысты тұшымды ойлар мен ұсыныстар айтылып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Сол тапсырмаларды орындау, балалар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстық іс-әрекеттерді болдырмау – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді Маратбек Нағымұлы.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Алмасқызы баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды қоғамдық кеңес мүше­лерінің назарына ұсынды.

– Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында мектеп және ата-ана­ның жауапкершілігін күшейтуді көз­дейтін жұмыстар жүзеге асуда. Ата-аналарға кеңес қызметін әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында «Отбасы – мектеп, «Мектеп өмірінің бір күні» атты жобалары енгізілді. Рухани – адамгершілік тәрбие беру, адам­­заттық құндылықтарды дамытуда «Ата-аналар комитеті», «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі», «Аналар академиясы» бастамаларымен жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта бүгінгі күнге дейіната-әжелер, әке-аналардың қатысуымен 300 ша­ра өткізіліп, оған 4000 оқушы қатысты. Бүгінгі күні аудандағы 5 қосымша білім беру ұйымы мен оның филиалдарына 1400 бала, ау­дандықспорт  мектептеріне 1500 бала тартылған. Сонымен қатар, мектептердегі үйірмелерге 4000-ға жуық бала қамтылды. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қаң­ғы­бастық пен қадаға­лаусыз­дық­тың, құқық бұзушылық, суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ведомствоаралық іс-шаралар жос­парлар бекітілген. Бір­лескен профи­лактикалық жұ­мыстар салааралық байланыста атқа­рылу­­да. Өткізілген 250 іс-шараға 2300 адам қатысты. Оның ішінде, 1500 оқушы және 800 ата-ана бар. Іс-шаралар барысында ата-аналарға психо­лог­тардың кеңестері беріліп, по­ли­ция департаментімен әзірлен­ген жадынамалар таратылды. Аталған жиналыстарда ата-аналарға бала ден­саулығы мен өміріне келетін зиян­ды әрекеттер туралы Заң аясында түсіндірілді. Ағымдағы жылы жас­өспірімдер арасында орын ал­ған қылмыстық оқиға тәрбие жұмыс­тарын бұдан да күшейту қажет екен­дігін көрсетті, – деді аудандық білім бөлімінің бас маманы.

Сала маманының айтуынша, аудан әкімінің салалық орынбасарының төрағалығымен жұмысшы топ құры­лып, барлық мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйым­­дас­тырылған. Ардагер ұстаздар, әке­лер кеңесінің төрағалары, аналар кеңесі­нің төрайымдары, ата-аналар комитетінің төрағалары, аурухана және полиция қызметкерлерінің қа­тысуы­мен жоғары сыныптың ер және қыз балаларымен бөлек өткізілетін кездесу барысында ер балаларға патриоттық бағытта насихат жұмысы жүргізіліп, наша­қорлықтың, буллинг пен кибер­буллингтің, суицидтің және түнгі жүріс, топтық төбелестің алдын алу бағытында түсіндірме жұмысы жүргізілген. Ал қыз балалармен әдеп пен сыпайылық, адамгершілік мәдениетін қалыптастыру және олар­дың бойында үлкен жауап­кершіліктің тұрғандығы түсіндірілген.

– «Түнгі қаладағы балалар» про­филактикалық іс-шарасы аясында аптаның жұма және сенбі күндері еріктілердің кезекшілігі ұйым­дас­тырылып келеді. Ағым­дағы жылы 150 рейдке 600 адам  қамтылды. Түнгі рейд жұмыс­тары жазғы демалыс күндері де жалғасын тапты. Мектептің әкім­шілік құрамы мен ата-аналар комитеті мүшелерінің қатысуымен күнделікті рейд жүргізілді. Жыл сайын қоғамдық тәртіпті реттеуге атсалы­сатын ата-аналар саны кө­бейіп келеді. Полиция органдарымен бірлескен профилактикалық рейдтермен ағымдағы жылы бей­мезгіл уақытта жүріп тіркелген оқушылар болған жоқ. Рейд барысында оқушылар мен ата-аналарына Заң нормалары түсіндірілді. Есепті мерзімде құқық бұзушылықтардың теріс әсерін білім алушылар назарына тиімді жеткізу мақсатында әлеуметтік желілерде «Кибербуллинг», «Бала тәрбиесі», «Электронды темекі», «Құмар ойындар» тақырыптарындағы бейнероликтер жарияланды. Барлық мектептерде осы бейнероликтердің көрсетілімдері ұйым­дастырылды. Есепті мерзімде мектеп оқушыларымен жасалған құқық бұзушылықтар бойынша про­фи­­лактикалық есепке 2 жас­өспірім, мектепішілік есепке 48 оқушы алынған. Есепке алынған жас­­өспірімдердің барлығы тұрақты бақылауға алынды. Қыркүйек айын­да есепке алынған оқушылардың тізімі жаңартылатын болады, – деді Жанар Алмасқызы.

Жиын барысында аудандық қоғам­дық кеңес мүшелері Г.Әбілова, А.Есназар, Қ.Сүлейменов, А.Ибра­гимұлы пікір білдірді. Кеңес мүшелері про­филактикалық және мектепішілік есепке алынған балалардың жазғы демалыспен қамтылуы, бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізу, сынып жетек­шілерінің жауапкершілігін арт­тыру, мектеп тарапынан оқушы­лардың қысқа киім киюіне жол бермеу, ата-аналар жиналысына әкелердің қатысуын талап ету, бейнебақылау камераларын орна­ту ісін жеделдету мәселелерін кө­терді. Ал Тереңөзек кентінің қоғам­дастық жиынының төрағасы Б.Жақсылықұлы жаңа оқу жылының басталуы демалыс күнге сәйкес келгендіктен мұғалімдерге жалақы төлеу тәртібі заң аясында жүргізілу керектігін айтты. Өз кезегінде Тереңөзек кентінің қоғамдастық жиыны­ның мүшесі Н.Қосуақов білім беру ұйымдарының ата-аналармен әріптестік байланысын жетілдіру, қазақ сыныптарының санын көбейту, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бағытында бірқатар ұсынысын ортаға салды. Сырдария аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қыз­метінің басшысы Қыдырбек Көшекбаев оқушы балалардың түнгі мезгілде ата-аналарының қа­рауынсыз жүруін болдырмау, мопед тізгіндеуге жол бермеу, бірлескен рейдтік іс-шараларға қоғам болып атсалу қажеттігін айтты. Бесарық ауылындағы №147 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Серікжан Жүнісбаев ұрпақ тәрбиесі, ұлттық және отбасылық құндылықтар туралы айтты.

– Ұрпақ тәрбиесі жөнінде хал­қымыздың «Тәрбие тал бесіктен», «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген тәлімді сөзін басшылыққа алып, тәрбиені балабақшадан бастау керек деп ойлаймын. Бір топтағы ұл балалар мен қыз балалар түскі демалыс кезінде бір бөлмеде киім аустырмайтын және қатар тұрған төсектерде жат­пайтындай жағдай жасау керек. Суға шомылдырғанда ұлдар мен қыз балаларды бір-бірінен оқшаулаған дұрыс. Құшақтастырып, вальс биін үйрету­ді тоқтатса,  бала бойындағы ұялу сезімі өлмес еді. Мектеп ғима­ратындағы әжетханаларды қыз балалар мен ұлдар бір бірін көрмей­тіндей алыс орналастырған жөн. Қоғамы­мыздағы ерте жүктілік, педо­филдік, суицид, жеңіл жүрістілік барлығы ұялу сезімінің «өлуінен» орын алып отыр. Осы мәселелерге назар аударып тиісті мамандардың жүре­гіне жет­кізуге атсалысуды ұсы­намын, – деді Серікжан Жүнісбаев.

Кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов Қоғамдық кеңес отырысын қоры­­тындылай келе, бұл тақы­рып­тағы жиналыс тағы да өткі­зіле­тінін, балалар тәрбиесі мен құқық­бұзу­­шылық мәселесі күн тәртібінен түспей­тінін жеткізді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
30 тамыз 2024 ж. 166 0