Күн тәртібінде – жасөспірімдер мәселесі
«Бала тәрбиесіне қоғам жауапты. Ал қоғамға мектеп те, ата-ана да, үлкен де, кіші де кіреді». Бұл – аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековтің бала тәрбиесінің бүгіні мен ертеңі туралы кеңейтілген мәжілісте айтқан сөзі. Расында да бұл нәзік әрі терең және жан-жақты зерделеуді қажет ететін күрделі мәселені мектептікі, ата-ананікі деп бөлуге болмайды. Тереңіне үңілер болсақ, баланың бүгіні мен болашағына қоғамның барлық мүшесі тікелей жауапты.
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен кеңейтілген жиын өтті. Жиынға аудандық прокуратура, полиция бөлімінің өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, ата-аналар комитетінің төрағалары, психологтар қатысты. Жиында кәмелетке толмағандардың ісі кеңінен талқыланып, баяндамалар тыңдалып, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Ең алдымен, аудандық прокуратура прокуроры Дәуірбек Ұзақбаев заңдағы өзгерістерге, құқықбұзушылық профилактикасына тоқталды. Ол әр баламен жеке жұмыс істеу қажеттігін айтып, мектеп оқушысының теріс іс-әрекеті оның болашағына кері әсер ететінінен мысалдар келтірді. Мұнан соң аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы Ақдәулет Созақбаев кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен орын алған оқиғалар туралы баяндады. Мәжілісте аудандық білім бөлімінің әдіскері Ерлан Әбілдаев жасөспірімдер арасында жүргізілген құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде хабарлама жасады.
Жиын барысында еңбек ардагері, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің «Шаңырақ» әкелер ұйымының төрағасы Мектепхан Елеусінов пен ардагер-ұстаз, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева бала тәрбиесіндегі ата-ананың, ұлттық құндылықтардың рөлі тақырыбында пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләйла Сағымбаева «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында кең көлемді баяндама жасады.
Мәжілісте мектеп директорлары мен орынбасарларының, ата-аналар комитеті төрағаларының, сынып жетекшілерінің де пікірі тыңдалды. Олар бала тәрбиесі, оқушылардың білім деңгейі мен тәртібі туралы өз ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар оқушылардың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін бірлесе еңбек етуге уағдаласты. Мәжілісті қорытындылаған аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков күн тәртібіндегі мәселенің маңызды екеніне ерекше назар аударды.
– Оқушылар арасында тәртіп орнату, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, қылмысты болдырмау жолдарын дамытып, жандандыру – мектеп пен ата-ана бірге жұмыс жасағанда ғана жүзеге аспақ. Сонда ғана жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық азайып, балаларымыз бақытты ортада өмір сүреді. Сондықтан бәріміз бірдей жауапты екенімізді назарда ұстап, бірлесе еңбек етейік, – деді бөлім басшысы.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ