Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата заң қалай жазылды?

Ата заң қалай жазылды?

Мемлекетіміздің күнтіз­бесінде 30 тамыз – Ата Заң қа­былданған күн ретінде белгіленген. Биыл қабылданғанына 29 жыл толған қазіргі Конституцияға бірнеше рет өзгеріс енді. Жыл сайын кең көлемде аталып өтілетін атаулы мереке күні «Ата Заң қалай жазылды?» деген тақырыппен оқырман назарына танымдық мақала ұсынуды жөн көрдік.

Елдің айқын келбеті мен алған бағы­тын көрсететін Ата Заңымыз референдум арқылы қабылданды. Құжат қабылданар алдында талқылаудан өтіп, 30 мыңнан аса ұсыныс пен ескерту енгізілген. Үш мил­лионға жуық азамат талқылаған Конституция жобасына, яғни 55 бабына 1 мыңнан астам түзету мен қосым­ша енгізілген. Осы аса маңызды құ­жатты дайын­дауға атсалысқан еліміздің ғалым­дары мен заңгерлері, қоғамдық пікір көш­басшылары ел тағдыры мен бо­ла­­шағын айқындады деп айтуға толық негіз бар.

Тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі ең алғашқы 1993 жылы қабылданған Ата Заңға академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаевтың ерекше еңбегі сіңгені жай­лы тарихи деректерде айтылған. Одан кейінгі 1995 жылғы Конституцияны әзірлеуге ғалым Нағашыбай Шәйкенов бас­таған жұмысшы топтың еңбегі ерекше бағаланды. Әрине, уақыттың талабына сай мемлекеттің басты құжаты да өзгеріп отыруы заңдылық. Сондықтан әр жылдары Конституцияға өзгерістер еніп отырды. Ең бастысы әрбір қазақстандықтың өмірі мен құқығына ерекше назар аударатын құжаттың басым бөлігі адам құқы­ғына арналуы – оның артықшылығы мен ерекшелігі болды.

Ата Заңды әзірлеу барысында ға­лым­дар шоғыры дамыған елдердің Конс­титу­ция­­сын зерттеп, жоба әзірлеген. Ал оның авторы «халық» деп аталуы да бекер емес. Өйткені 1995 жылы Ата Заңымыз бүкіл­халықтық референдумда қабыл­дан­ды. Ата Заңның тарихына келер болсақ, 1995 жылы мамыр айында Конституция жобасын дайындау мақсатында арнайы кеңес құ­рыл­ған. Кеңес құрамындағы бел­гілі ға­­­лым-заңгерлер Б.Мұхамеджанов, Е.Нұр­­­пейісов, Г.Сапар­ғалиев, М.Сүлей­менов, Н.Шәйкенов, Ю.Басин, В.Ким, К.Колпаков, А.Котовтан басқа ресейлік тео­ретик С.Алексеев, Франциядан Жак Аттали, Ролан Дюма атсалысқан. Әзір­лен­­ген жоба талқылаудан өткенде мың­да­ған ұсыныс түскен. Елдегі ахуалға бай­ланыс­­ты ұлтаралық татулықты сақтау да ес­керілген. Негізінен Конституция жо­­ба­­сын дайындауда Францияның үлгісі алын­ған. Себебі бізде толыққанды аза­мат­­тық қоғам қалыптаспағандықтан пар­ламент­тік үлгіні қабылдауға негіз бол­маған. Яғни Президенттік үлгі негізінде қабылданды.

– Адам баласы өмірге келгеннен бастап оның өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Сол секіл­ді әлемдегі әрбір мемлекеттің негізгі заңы болуы да шарт. Оны барлық елде Конституция дейді. Жылдар бойы азаттықты аңсаған ата-бабамыздың арманы орындалып, қазақ елі де өз тәуелсіздігін алды. Аяғына енді тұрған жас мемлекетіміз үшін Ата Заңын қабылдау еліміздің одан арғы дамуына аса қажет болды. Конституцияның қабылдануымен Қа­зақстан атты елдің дәуірі басталды. Басқа заңдардан өзгеше құжат ең алдымен халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын ес­ке­ре отырып, дүниежүзіндегі озық елдердің тәжірибесін назар­ға алып жазылғанын білеміз. Мына жаһан­дану заманында өз өмір­шең­дігін дәлелдеген құжат әрбір азамат­тың өмірінде маңызды рөл атқарып келеді деп айта аламыз, – дейді ардақты ардагер Мұса Келдібаев.

Тарих үшін 29 жыл көп уақыт емес. Десе де осы қысқа уақыт­та, ұлт құндылықтарын көздің қарашығындай сақтаудың арқасын­да іргесі берік мемлекет құрып, тәуелсіздігімізді баянды еттік. Ата Заң ел бірлігінің кепілі ретінде татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етті. Конституцияны қабылдаумен еліміз дамудың жаңа кезеңіне қарыштап қадам басты. Көкте қалықтаған Ту мен Мемлекеттік Гимн, айбынды Елтаңба мен ұлттық валюта ел мүддесіне қызмет ете бастады. Демократиялық дамуды мақсат еткен мемлекетіміз зайырлы, құқықтық және әлеуметтік бағытты таңдап, өркениеттің көшіне ілескен тәуелсіз елімізді әлем халқы таныды. Конституциядан бастау алған сара жол – халықаралық қатынастағы орнымыз бекіп, ел экономикасы, әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалдағы оң өзгерістер даңғыл жолға айналды.

Кемел келешегіміздің кепілі бол­ған Конституция – барша мақсат пен жарқын бастамалардың қайнар көзіне айналды. Елімізді мекендеген түрлі ұлт пен ұлысқа пана болған қазақ жұртының айбыны асқақтап, Ата Заң аясына топтасты.

Конституция – басты құнды­лы­ғымыз. 29 жылда 6 мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Ата Заңда 1998 жылы 19 бап өзгеріске ұшырады. Одан кейін 2007 жылы 30 түзету енсе, 2011 жылы 1 бап өзгерді. 2017 жылы 19 бапқа 26 өзгерту енгізіліп, 2019 жылы 1 бап өзгерді. 2022 жылы 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. 2019 жылдың наурыз айында Конституцияға Қазақстан астанасының атын өзгерту бойынша түзету енгізілгенін ел-жұрт жақсы біледі. Ал негізгі өзгерістер 2022 жылы енгізілді. Сол жылдың 5 маусымында Конституцияға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтті. Жалпыұлттық референдумда қазақстандықтар Ата Заңымыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізуге дауыс берді. Нәтижесінде Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Сон­дай-ақ, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурс­тар халыққа тиесілі деп бекітілді. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квази­мемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құ­қығы жоқ деген өзгеріс енді. Сонымен қатар Конституцияда жазыл­ғандай қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Бұдан былай елімізде өлім жазасына тыйым салынды. Ата Заңда айтылғандай ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ.

Басты өзгерістердің қатарында Мәжілістің депутаттық корпусы ара­лас сайлау жүйесі бойынша құрыл­ды. Сенаттағы президенттік квота қысқарып, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды. Жалпы құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі –Конституциялық соттың құрылуы болды.

– Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған. Осы Конституцияны қабылдағанда бұл құжатқа сол кезде биліктің тепе-теңдігі мен тежемелігі деген қағида енгізілген. Жоғарғы кеңес, президент пен сот билігі шектен шықпайтындай етіп бекітілгендіктен, президент Жоғарғы кеңес алдында есеп беруіне тура келген. Ал Қазақстан Республикасының қолданыстағы қа­зір­гі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конс­титуциядан айырмашылығы – жаңа Ата Заңға алғаш рет азаматтың құқығына ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бастап ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген. Өздеріңіз білесіздер қазіргі Конституция 9 бөлімнен 99 баптан тұрады: Жалпы ережелер, Адам және азамат, Президент, Парламент, Үкiмет, Конституциялық сот, Соттар жəне сот төрелiгi, Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уəкіл, Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару, Қорытынды және өтпелi ережелер. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының, 1-бөлігінде «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мем­лекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылғаны әр­бір қазақстандықтың жадында сақталуы тиіс, – дейді аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов.

Еліміздің айшықты құжаты – Ата Заң осынау жылдар аралығында қазақ елінің қалыптасуына, ныға­юына қызмет етіп, жоғарғы саяси-құқықтық міндетті атқаруда. Әділет жолын көрсететін Конституция – мемлекет пен оның азаматтары арасында жасалатын шарт бол­ғандықтан, Ата Заңға негізделіп басқа да заңнамалар дайындалады. Кез келген заңнама Конституцияға негізделеді. Сондықтан Ата Заңы­мыз­дың әрдайым мәртебесі биіктеп, абыройы асқақ болары сөзсіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Фото:mugalzhar.kz
30 тамыз 2024 ж. 149 0