Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституция – тұрақтылық пен келісімнің кепілі

Конституция – тұрақтылық пен келісімнің кепілі

Дүниежүзіндегі барлық мемлекеттің қалыптасу тарихы бар. Ел бірлігінің, тұтастығының бұлжымас кепілі ретінде Тәуелсіз еліміздің тарихында алғашқы Конституция 1993 жылы қабылданды. Басты құжат негізінде дүниежүзіндегі өзге мемлекеттермен қарым-қатынас орнығып, дербес мемлекет ретінде мойындалды.  Конституция мерекесі күні қарсаңында аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергеновтің газет тілшісіне берген сұхбатын оқырмандар назарына ұсынамыз.

– Руслан Темірханұлы, ел тарихында сонау Қазақ хандығы тұсында құрылған мем­лекеттің өз Заңы болғаны белгілі. «Жеті жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы» т.б. заңдар жинағы мемлекеттің негізін қалаған құжаттар екені рас.  Осы уақыт аралығында қабылданған Конс­титуцияның тарихы жайында, ондағы өзгерістер турасында айтсаңыз?

– Қазақ елінің тарихы жүздеген ғасырды құраса, мемлекеттің негізі Қазақ хандығы құрылған жылдан, яғни осыдан 558 жыл бұрын қаланған. Ең алғашқы Ата Заң деп хандық кезінде қабылданған «Жеті жарғыны» айтамыз. Бұл заң жинағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолының» заңды жалғасы әрі ұлтымыздың ұстанымы, әдет-ғұрпы деп айтуға толық негіз бар. «Жеті жарғы» сан ғасырлар бойы еліміздің басты Конституциясы ретінде өз өміршеңдігін дәлелдеді. Десек те уақыттың алға жылжуымен қоғамда түрлі өзгерістің болуы заңды құбылыс. Мемлекеттің тұтас құрылымы өзгеріске ұшырап, жаңа заң жүйесі қабылданды. 1926 жылы қабылданған Конс­титуция Қазақ АКСР-ның тұңғыш Заңы болды.

Сонан соң екінші мәрте 1937 жылы, үшінші рет 1978 жылы Қазақ КСР Конституциясы қабылданғаны белгілі. Тәуелсіздігін алған мемлекетіміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Конституция арқылы елімізде парламенттік республика құрылымы бекітілді. Сонан соң 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда жаңадан Ата Заң қабылданды. Парламент Сенат және Мәжіліс болып екі палатаға бөлінді. Конституция Парламенттің функциясын Президент, Үкімет, Парламент деп үш институтқа бөлуімен ерекшеленді. Мұнан соң да әр жылдары еліміздің басты Заңына бірнеше рет өзгерістер енгені мәлім. Яғни, алғашқы 1993 жылғы Конституцияға 6 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер референдумсыз қабылданды.

Бүгінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құру идеясын ұсынып, ол халық тарапынан толық қолдауға ие болды. Қолданыстағы Конституцияға түзету енгі­зуге қатысты референдум өткізуді 2022 жылдың 29 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 31-сессиясында айтқанын білесіздер. Мемлекет басшысы бұл туралы: «Конституцияға түзетулер енгізуді Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын» деді. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу ту­ралы Жарлыққа қол қойды.

Осылайша, Қазақ елі аталған мер­­зімде референдумға қатысып, «Қа­зақ­­стан Республи­ка­сының Конс­­ти­­туциясына өзгеріс­тер мен толық­тырулар енгізу туралы» Қазақ­стан Рес­­публикасы заңының жобасында баян­­далған Қазақстан Респуб­лика­сының Конс­титуциясына өзге­­рістер мен толықтыруларды қа­был­дайсыз ба?» деген сұраққа жауап беріп өз таң­­дауын жасады.

– Шын мәнінде ел-жұрт рес­пуб­ликалық референдумға қа­ты­­сып, Конс­ти­туциялық өзге­ріс­­­тер­­­­­ді қолдап дауыс берді. Осы өзгерістер негізгі Заңды жетіл­­­ді­ре түсті деп айта аламыз ба?

– Қазақстан халқының рефе­рендумда дауыс беруге тиісті азаматтардың 68,06 пайызы қаты­сып, оның 77,18 пайызы Консти­туциялық өзгерісті қолдап дауыс бер­гені – қоғам дамуы үшін билік пен халықтың пікірі бір жерге тоғысқанның дәле­­лі. Бүкілхалықтық референдумның негізінде Жаңа Қазақ­станның жаңа Конс­титу­циясы қабылданды. Әрине, Қазақстан Респуб­ликасының Ата Заңына енгізілген өзгеріс­тер мен толықтырулар еліміздің негізгі Заңын жетілдіре түсті деп айта аламыз. Соңғы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 бөлім, 99 баптан тұрады. Конституциялық заңдар мен заңдарды қабыл­дау тәртібін, сондай-ақ Конституциялық Сот­тың қызметін айқын­дайтын Қазақстан Респуб­ликасының Конс­ти­туциясының ереже­ле­рі 2023 жылғы 1 қаңтар­дан бастап қолданысқа енгізілді.

– Жаңа Конституциядағы өзгерістер туралы толықтырып айтсаңыз?

– Конституциядағы өзгерістерге келсек, бұдан былай Қазақстан Республикасында супер­­­­президенттік басқару формасынан күшті Пар­­ла­менті бар президенттік формаға көшті. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қыз­метші, квази мемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Жаңа Заң бойынша Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алады.

Одан бөлек, өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Сонымен қатар Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Сенаттағы Президенттік квота қысқарады, Мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыр­тып алуға мүмкіндік береді. Оған қоса, Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артық­шылықтары туралы ережелер алып тас­талды.

– Айбарлы Ата Заңымыз – Тәуелсіз мем­лекетіміздің тірегі, тұрақтылық пен келісімнің, бейбітшілік пен жасам­паз­дықтың айқын кепілі деп айтуға толық негіз бар деген пікірмен келісесіз бе?

– Әрине, ел Конституциясының арқасында Қазақстан халқы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Соның негізінде қоғам мен биліктің тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Конституциялық принцип және оның нормасы еліміздің егемендігін, экономикалық реформасын нығайтудың басты құралына айналды. Елде заңдылық пен конституциялық тәртіптің салтанат құруы негізгі қағида саналады. Заңдылықты бұлжытпай орындау немесе сақтай білу жауапкершілігі Қазақ­станның тұрақты дамуына жағдай жасап келеді. Мемлекетіміздің өзекті деген бағыт-бағдарындағы барлық құқықтық қызметтің өр­кен жаюына Ата Заңымыз жол ашып берді. Осы арқылы әрбір азамат өзін мемлекет мін­детті түрде қорғай алатынын нық сезінді, конституциялық заңдылық азаматтар мен адамдардың құқығына және бостандығына нақ­ты кепілдік беретініне кәміл сенді.

Ел егемендігін алғаннан бергі уақыт ішінде конституциялық және құқықтық жүйені эво­лю­циялық тұрғыда сатылап реформалау нәти­жесінде мемлекеттік биліктің тиімді жүйесі қа­лыптасты. Конституция бойынша еліміздің басқару билігінің үш түрі – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің құзыреттері нақтыланған. Биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент, атқарушы тармағы – Үкімет, сот билігін тек қана сот жүзеге асырады.

– Конституцияда сот жүйесіне, оның қызметіне қандай басымдық берілген?

– Мемлекеттің басты құжатына сәйкес, сот жүйесі органдары ел дамуына, азаматтардың әлеуметтік ахуалын реттеп, құқықтық көмек көрсетуге қызмет жасайды. Конституцияда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазы­насы – адам және адамның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары деп бекітілсе, бұл – Ата Заңымыздың бұлжымайтын темір­қазығы 28 жыл ішінде өзгерістер мен толық­тыруларға талай түскен Конституцияда өз мәнін жоғалтқан емес.

Ата Заң – Қазақстан Президентінің бейбіт­шілік пен келісімді нығайтып, мем­лекеттік билік пен басқаруды жүйелейді. Сол себепті де Қонституцияны түрлі саладағы түбегейлі реформаларды орындаудағы, демо­кратиялық институттарды дамытып, әлеу­меттік жаңғыртуды жүзеге асырудағы нық қадамдарының берік тұғырнамасы санаймыз. Сондықтан Қазақстан халқы Ата Заңдағы өз құқықтарын нақты біліп, сол заңдылықтарды ұстанып, ел дамуына елеулі үлес қосса, мемлекетіміз қарқынды дами түсетіні анық. Бұл тұста, әрбір қазақстандық еліміздің басты құжатына құрметпен қарауы қажет. Барша сырдариялықтарды Конституция мерекесімен құттықтаймын. Ата Заңымыз айбарлы болсын!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
30 тамыз 2023 ж. 394 0