Жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясы
Қай мемлекеттің де өз тарихы бар. Құрылғаннан бастап жеке мемлекет болып қалыптасуы Конституциясының қабылдануымен байланысты. Ата Заң – ел бірлігінің, тұтастығының бұлжымас кепілі. Осының негізінде дүниежүзіндегі өзге мемлекеттермен қарым-қатынас орнығып, сыртқы, ішкі бағыт айқындалып, дербес мемлекет ретінде мойындалады.
Қазақ елінің тарихы жүздеген ғасырды құраса, мемлекеттің негізі Қазақ хандығы құрылған жылдан, яғни осыдан 557 жыл бұрын қаланған. Ең алғашқы Ата Заң деп хандық кезінде қабылданған «Жеті жарғыны» айтамыз. Бұл заң жинағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолының» заңды жалғасы әрі ұлтымыздың ұстанымы, әдет-ғұрпы деп айтуға толық негіз бар. «Жеті жарғы» сан ғасырлар бойы еліміздің басты Конституциясы ретінде өз өміршеңдігін дәлелдеді. Десек те уақыттың алға жылжуымен қоғамда түрлі өзгерістің болуы заңды құбылыс. Мемлекеттің тұтас құрылымы өзгеріске ұшырап, жаңа заң жүйесі қабылданды. 1926 жылы қабылданған Конституция Қазақ АКСР-ның тұңғыш Заңы болды.
Екінші мәрте 1937 жылы, үшінші рет 1978 жылы Қазақ КСР Конституциясы қабылданғаны белгілі. Тәуелсіздігін алған мемлекетіміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Конституция арқылы елімізде парламенттік республика құрылымы бекітілді. Сонан соң 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда жаңадан Ата Заң қабылданды. Парламент Сенат және Мәжіліс болып екі палатаға бөлінді. Конституция Парламенттің функциясын Президент, Үкімет, Парламент деп үш институтқа бөлуімен ерекшеленді. Мұнан соң да әр жылдары еліміздің басты Заңына бірнеше рет өзгерістер енгені мәлім. Яғни, алғашқы 1993 жылғы Конституцияға 6 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер референдумсыз қабылдады.
Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құру идеясын ұсынып, ол халық тарапынан толық қолдауға ие болды. Қолданыстағы Конституцияға түзету енгізуге қатысты референдум өткізуді 2022 жылдың 29 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 31-сессиясында айтты. Мемлекет басшысы бұл туралы: «Конституцияға түзетулер енгізуді Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын» деді. Сөйтіп, осы жылдың 5 мамыры күні Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.
Осылайша, Қазақ елі аталған мерзімде референдумға қатысып, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сұраққа жауап беріп өз таңдауын жасады.
Дауыс беруге тиісті азаматтардың 68,06 пайызы қатысып, оның 77,18 пайызы Конституциялық өзгерісті қолдап дауыс беріп, қоғам дамуы үшін билік пен халықтың пікірі бір жерге тоғысқанын дәлелдеді. Сөйтіп, бүкілхалықтық референдумның негізінде Жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды.
Әрбір конституциялық өзгерістің маңызы бар десек, биылғы Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің негізгі Заңын жетілдіре түсті деп айта аламыз.
Сонымен, 1995 жылы 30 тамызда қабылданып, 2022 жылдың 8 маусым күні соңғы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Конституциясы 10 бөлім, 99 баптан тұрады. Конс-титуциялық заңдар мен заңдарды қабылдау тәртібін, сондай-ақ Конституциялық Соттың қызметін айқындайтын Қазақстан Республикасының Конституциясының ережелері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Ал жаңа Конституциядағы өзгерістерге келсек, бұдан былай Қазақстан Республикасында суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшеді. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Жаңа Заң бойынша Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алады.
Одан бөлек, өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Сонымен қатар Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Сенаттағы Президенттік квота қысқарады, Мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады.Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді.Оған қоса, Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады.
Міне, осындай өзгерістер еліміздің жарқын болашағын айқындайды. Осы ретте, еліміздің әрбір тұрғыны жаңа Ата Заңды ерекше ықыласпен қабыл алғаны сөзсіз. Себебі бұл – Жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясы.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ