Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ойынға ойсыз құмар

Ойынға ойсыз құмар

Лудомания – құмар ойындарға шамадан тыс әуестігі бар адамдардың дерті. Өкінішке орай құмар ойын бүгінгі қоғамды жайлаған қауіпті індеттің біріне айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған ауруды ресми түрде індет ретінде мойындаған. Ең алаңдататыны бұл ауқымды мәселе соңғы уақытта біздің елде де белең алып тұр. Құмар ойынның кесірінен шаңы­рағы шайқалып, айрандай ұйып отырған қаншама отбасы ажырасып, зардабын шегуде.

Елімізде 10 жұптың 7-еуі құ­­мар ойын кесі­рі­нен ажы­ра­­сады екен. Осындай статисти­ка адамдардың үрейін ұшырып, ұйқысын қашы­­ратыны рас. Бұл тек бергі жағы ғана, бұған қоса өзін ғана емес туған-туысын, ата-анасын, жақын­дарын қарызға белшесінен батырып, оның соңы суицид, яғни өзіне-өзі қол жұмсауға әкеліп соғуда. Ең сорақысы тепсе темір үзетін жастардың оңай ақшаға олжалы болам деген мақсатта санасы құмар ойынмен уланып, тәуелді болып отыр. «Ойынға ойсыз құмар» лудомания­дан қалай айығуға болады? Қоғамның санасын улап, асқынған бұл дерттің емі бар ма?

Құмар ойынға тәуелділік

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойын­ның психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеп, адам денсаулығына аса қауіпті екенін дәлелдеп дабыл қаққан болатын. Бұл індет ресми түрде алкоголизм, наркомания, токсикомания сынды дертпен пара-пар болып танылған. Мамандардың айтуынша, құмар ойынға тәуелділік ең алдымен қызығушылықпен спорт­тық бәсекеге бәс тігіп, ойын автоматтары, карта, лоторея сынды ойындарды ойнаудан басталады екен. Басында аз сомада ақша тігіп бастаса, кейіннен құмар ойынның жетегінде дер кезінде тоқтауды білмей, қыруар қаражатты қалай тігіп жібергенін өзі де байқамай қалады. Ал бұның соңы үлкен дертке ұласып, тәуелділікке алып келетіні айтпасақ та түсінікті. Соған қарамастан тәуліктеп үй көрмей букмекерлік кеңселерді торуылдаған атпалдай азаматтар мен жастарға тосқауылдың болмай тұрғаны қынжылтады. Құмар ойынның тұзағына түскендердің құмар ойынға деген тәуелділіктен шығуы қиынның қиыны. Кезінде белгілі кеңестік психиатр Цезарь Короленко адамның мінез-құлқындағы құмар ойындарға тәуелділікті көрсететін бірқатар белгілерді атап өткен болатын.

Үнемі ойынға елігу, ойында өткізетін уақыттың ұзаруы тәуелділіктің алғашқы белгілерінің бірі. Ал қызығушылықтардың өзгеруі, бұрын ынталандырған дүниелердің ысырылуы, әрдайым ойын туралы ойлау, ойын комбинацияларымен байланысты оқиғаларды елестету және осы ойлардың басым болуы тәуелділіктің шарықтау шегі болып саналады. Онан соң бақылауды жоғалту, ауқымды ұтыстан кейін немесе үнемі ұтылудан кейін де ойынды тоқтата алмау басталады. Ойынға кезекті рет қатысқаннан кейін қысқа уақыт аралығында дамитын психологиялық дискомфорт пайда болады. Ол бас ауруы, ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, алаңдаушылық, көңіл-күйдің түсуі, зейіннің бұзылуы секілді бірқатар белгілер бойынша есірткі немесе алкогольге тәуелді тұлғалардың белгілеріне ұқсас келеді. Ойынға жиі қатысу, жоғары немесе үлкен көлемді тәуекелдерге талпыну басталады. Ең соңына келгенде қарсыласу қабілетінің тез төмендеуі, енді ойнамауға бел буғанымен, сәл арандатушылық болған жағдайда ойынға тәуелділіктің оралуы болады.

Лудоман немесе Лудомания

Психолог мамандардың айтуынша, лудомания ең бірінші мектеп жасындағы жасөспірім кезден басталатын көрінеді. Алып-ұшып тұрған шақтағы жастар қызығушылықпен бәрін көргісі келетіні анық. Құмар ойындар бұрындары тек ойын автоматтары немесе казиноларда ғана болса, қазір кез-келген телефоннан ойнауға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні телефонды ашып қалсақ бітті құмар ойынның жарнамасынан көз ашпайтынымыз жасырын емес. Ең сорақысы көшелерде үлкен билбордтар мен лэд экрандардан құмар ойынның жарнамаларының ілінуінде. Құмар ойыннан құтылудың жолдарын іздеп жүргенде бұл бір бассыздық секілді. Ал осының барлығын көрген жастарымыз құмар ойынның жетегіне кетпегенде қайтеді. Өтірік беті жылтыр жарнаманың қақпанына түсіп, тәуелділіктің кесірінен соңында сан соғып қалғандар қаншама. Тіпті соңғы уақытта құмар ойындарының сайттарына немесе әлеуметтік желілеріне кіру оп-оңай болып барады. Себебі ол жерде жас ерекшелікке байланысты ешқандай шектеу жоқ.


Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сүйенсек, елімізде құмар ойын­нан зардап шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады екен. Статистика бойынша, лудоманияға шалдыққан науқастардың 60%-ы құқық бұзса, 13-тен 40%-ға дейіні өз-өзіне қол жұмсайды, ал 32-70%-ында суицид жайлы ой келеді. Негізінде лудоманияның қоғамға төндірер қаупі орасан. Құмар ойынға тәуелді адамдардың ішінде бар жиған тергенін ұтқызып, қаражаты біткен соң таныс-тамырынан қарызға ақша алып, одан қалды несиеге батып, ақыр соңында амал жоқтығынан қылмыс жасауға дейін баратындары да кездеседі. Өзіне тиесілі ақшаны ұтқызып қойған соң, сол ақшаны қайтарып аламын деген мақсатта қайтадан ойынға бәс тігіп, ары қарай азартқа кіріп кетеді де, тәуелділіктің шырмауынан шыға алмай қалып жатады.

Букмекерлік кеңселер:
Кімнің бағы, кімнің соры?

Бүгінде аудан, қала көшелерін былай қойып, ауылдарда да құмарлыққа бастайтын компьютерлік клубтар, букмекерлік кеңселердің саудасы қызып, күннен-күнге қатары көбейіп, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ құсап қаптауда.  Әсіресе, букмекерлік кеңселерден шықпайтын тағы сол жастар жағы. Бас көтермей бәс сауданың көркін қыздырып әлек. Есесіне,  жастар алтын уақыттарынан айырылып, зардабын көреді. Бір сөзбен айтқанда студенттер мен мектеп оқушылары сабақты шетке ысырып қойып, ата-анасының бейнетпен тапқан ақшасын керексіз жерге құртып, рахаттанып өмір сүруде. Ал, құмар ойыны қатарына жататын осындай кеңсе-сымақтардың адам денсаулығына кері әсер ететін психолгиялық дерт екендігі айтпаса да түсінікті. Заң бойынша 21 жасқа толмаған азаматтарға букмекерлік кеңсеге кіруге рұқсат етілмейді. Букмекерлік кеңселерде әсіресе, әлемдік деңгейдегі чемпионаттар мен олимпиадалар  болған кезде келушілер қатары көбейе түседі. Жас демей, кәрі демей бәрі бәс тігеді. Дегенмен, күнделікті тапқаны ас-суынан артылмайтын азаматтардың букмекерлік  кеңсеге байланып жатқаны қо­ғам­ның негізгі мәселесінің біріне айналды. Букмекерлік кеңселерде болатын қылмыстар өз алдына, өзіне-өзі қол жұмсау фактілері де аз емес. Қарақшылық, тонау, ұрлық, тіпті адам өлтіру фактілері де көп кездесіп жатады. Тіпті, үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы бәс тігуге мүмкіндік жасап қойған және олар мұнымен шектеліп қалмайтыны айдан анық. Мұндай құмар ойыннан ұтып алып, енді қайтып оралмайтын адам миллионнан біреуі ғана болуы мүмкін. Сондықтан, бәс тігіп ұтқан адам, делебесі қозып, одан сайын ойын­ды жалғас­ты­руға құ­марта түседі. Бәс тігу орта­лық­та­рын­да  ал­ко­­голь­дік  ішім­діктер­дің са­тылуы да тегін­нен тегін емес. Кейбір букме­керлік кеңсе­лерде, тіпті бәс тігішу­­­лер­ді ынталан­дыру үшін, тегін спирт­­­тік  ішімдіктер, сы­ра, виски сын­­ды алко­голь­ді ащы сулар бе­рі­­ліп, ақы­­сыз қыз­­­мет көр­­се­тетін кө­рі­­­неді. Алайда, бұлай ақша табудың дінімізге, ділімізге қаншалықты сай келетінін елеп жатқандары шамалы. Ал құмар­лықтың өрісі кеңейген жерде қылмыс та артып, ынтымақ-бірлікке сызат түсетіні сөзсіз. Қазіргі уақытта елімізде букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу туралы заң талқылану үстінде.

Тәуелділіктің алдын алу
жолдары қандай?

Жоғарыда айтып өткеніміздей құмар ойынға әуестік көбінесе жасөспірім шақтан басталады. Психолог мамандар осыған байланысты алдын алу шараларын мектептен бастап қолға алу керектігін айтады. Баланың жасөпірім шағында ата-атаналарға аса мұқият болуға кеңес береді. Баланың телефонын үнемі бақылауда ұстап, белгілі бір шектеу қою қажет. Себебі қазіргі интернет желісінде ешқандай шектеу жоқ, балалар небір зиянды, психикасына теріс әсер ететін видеолар мен ешқандай пайдасы жоқ топтарға тіркелуге әуес. Одан бөлек көбінде ортаның дұрыс болмауы да баланың тура жолдан адасып, теріс жолға түсуіне өз септігін тигізіп жатады. Бұғанасы қатып, әлі толық қалыптаспаған бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыра алмайтыны белгілі. Осы шақта балаға ата-ананың қолдауы, үлкен ересектерше ашық сөйлесуі және дұрыс бағыт-бағдар көрсетуі маңызды.

Қазақстандықтар құмар ойынның құрығына түспес үшін мемлекет тарапынан да бірқатар шаралар жасалуда. Аталған мәселеге қатысты ел президенті Қ.Тоқаев «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысы осы жаман әдетке, тәуелділікке, әсіресе жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған еді. Мемлекет басшысы елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін айрықша атап өтті. Осы орайда, еліміздің барлық мешіттерінде жұма намазы алдында имамдар құмар ойындардың адамның жеке басына, отбасына, қоғамға тигізетін зияны жөнінде, оның шариғаттағы үкімі жайында уағыз айтып, жиналған көпшілікті бұл жаман әдеттен арылуға шақыруда. Еліміздің әр өңірінде тәуелділікпен күресудің әдістері мен стратегияларын ұсына алатын психологтар мен арнайы мамандарының кеңестері беріледі. Сондай-ақ денсаулыққа байланыс­ты мәселелер, әлеуметтік оқшаулану және қаржылай қиындықтар сияқты тәуелділіктің жағымсыз салдары талқылану жұмыстары жүргізіледі.

Психотерапевт маманы азартқа берілген жандардың қатарында әйелдер де барын айтады. Олар ештеңе жасамай-ақ көп ақша тауып кетемін дегенге кәміл сенетін көрінеді. Әйелдер болмайтын дүниелерге сеніп, көбінде алданып, сан соғып қалып жатады. Мәселен, қаржылық пирамида халықты 2 миллирад теңгеге алдап кетіпті деп жатады. Солардың ішінде жүргендердің 80 пайызы – әйелдер. 5-10 миллион теңге салып, 1 жылдан кейін 50 миллион теңге қылып қайтарып аласың дегенге сенетін әйелдер де кездеседі. Бұл да лудоманияның бір түрі десе болады.

Мамандардың пайымдауынша лудоманиямен ауыратын науқастың жақындары жауап­кершілікті толықтай оның өзіне беру керек. Құмар ойынға тәуелді жанның туыстары оны осы былапыттан шығару үшін қарыздарын жабуға көмектеседі, әйелімен татуластырады, мәселелерін шешіп береді. Ал бұл ең үлкен қателік болып саналады. Лудоман адамның тығырықтан шығуы үшін жақындарының тек қолдауы, ақылы қажет. Ал аяқтан тік тұрып кетуіне өзі күресуі тиіс.

Құмар ойынның емі бар ма?

Арнайы зерттеулерге сүйенсек адам құмар ойынға тәуелді болар алдында бірнеше кезең­нен өтеді екен. Бастапқы кезең – жеңіс фазасы. Бұл кезде бірнеше рет асығы алшысынан түсіп, оңай олжалы болу деген ой санасын жаулап алады. Жеңіс фазасында бәс құны аз болғанымен, ойынға жұмсайтын ақша мен уақыт жылдам өсе бастайды. Бұл жеңіліс фазасына әкеліп соғады. Онда лудоман қарызға, кредитке ақша алады. Ақыр соңында белшесінен қарызға батып, жұмысынан да айырылады. Мұның барлығы көңілсіздік фазасына келіп тіреліп, туған-туыстармен қарым-қатынасы нашарлап, отбасынан айырылады. Ойынға құмарлығы тоқтамаса, қылмыстық жолмен қаражат табу жолдары ойластырыла бастайды. Дер кезінде ем-дом шараларын бастамаса, дерт соңғы кезеңге жетеді. Яғни, шарасыздық фазасында науқас алкологизм, наркомания дертін қосып қана қоймай, қамаққа алынып, өз-өзіне қол жұмсайтындай халге жетеді.


Лудоманияны емдеудің негізгі тәсілі – психотерапиялық методика. Бұл тұс­та  науқастың емделіп шығамын деген ұмтылы­сы, сенімі мен келісімі аса маңызды. Жалпы емдеу кезеңі қиын әрі көп уақытты талап етеді. Бойынан бірінші фазаның белгілерін байқаған адамға көмек пен қолдау қажет. Өйткені, білікті психолог пен психотерпевтке жолығып, топтық психотерапияға сеанстарына барған уақытта ғана нәтижеге қол жеткізеді екен.

Құмар ойынға
тоқтау бола ма?

Мемлекет басшысы 2024 жылдың 8 шілде­сін­де осы мәселеге қатысты «шешіміне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Рес­­публи­ка­сының кейбір заңнамалық акті­ле­­рі­не ойын бизнесі мәселелері бойын­ша, лотерея қыз­метін, денсаулық қорғау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау мен алып тастау артық заңнамалық регламент­теу туралы»  заңына өзгеріс еңгізетіні туралы хабарлаған болатын. Ол  2024 жылдың 08 қыркүйегінен бастап заңды күшіне  енеді. Осы заңмен халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру нормалары енгі­зілу­де. Құмар ойындарға және бәс тігуге ты­йым салынған адамдардың тізімі кеңейтілді. Олар­дың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізі­лімінде тұрған тұлғалар қосымша жатқы­зылды. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орын­дауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың оларға қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы құмар ойындарға, бәс тігу­ге қатысуы шектелген. 2023 жылғы 12 желтоқсанда Салық кодексінің 26-бабы 28-тармақпен толықтырылғанын, оған сәйкес букмекерлік кеңсенің және тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйым­­дастырушылар мәліметтерді беру бойын­ша автоматтандырылған өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында аппараттық-бағ­дар­ламалық кешендердің салық органының ақпарат­тық жүйелерімен интеграциялануын қам­тамасыз етуге міндетті екенін айта кету керек.

2024 жылғы 19 наурызда «Букмекерлік кеңсенің және тотализатордың қызметін жүзе­ге асыратын ойын бизнесін ұйымдас­тыру­шылар­дың аппараттық-бағдарламалық кешен­дерін Мемлекеттік кірістер органдарының ақ­па­рат­тық жүйелерімен интеграциялау арқы­лы беруге жататын мәліметтердің қағи­да­ларын, тізбесін және нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің №160 бұйрығына қол қойылды. Тағы бір айта кететіні құмар ойындарға және бәс тігуге қатыс­қаны үшін теріс себептермен жұмыстан шы­ғару қарастырылған.

Түйін. «Ойынға ойсыз құмар» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керекті. Сонау шежірелі тарихымызға үңілер болсақ, құмар ойнау деген қазақ танымында мүлдем болған емес. Қасиетті асыл дінімізде де бәс тігуді құптамаған. Қазақ халқы тілсіз жау деп өрт пен суды атаса, бүгінгі қоғамға қарап, үшінші жау ретінде «Лудомания» дертін де қосуға болады. Бұл дерттің өрттен қай жері кем? Үнсіз ғана келіп, адами құндылықты өрттей жалмап, талай жастың ғұмырын жалындай шарпиды. Сөз соңында құмар ойынның құмарлығынан, тәуелділіктің шырмауынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жас көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатуда. Уақыт өткен са­йын жастармыздың санасын улап, құрдымға түсіруде. Мәселені уақыттың еншісіне қал­дырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жас­тарымызды дерттен сауықтырып, уақытты жоғалтпай, тиімді пайдаланған абзал.

Фото:Liter.kz
Алтынай Қайратқызы
27 тамыз 2024 ж. 195 0