Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық ақсақалдар үндеу жариялады

Қызылордалық ақсақалдар үндеу жариялады

Қызылорда облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде – жастардың қазіргі ақпарат заманына бейімделуі және лудомания мәселесі болды. Жиында Қызылорда облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі үндеу жариялады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz. 

«Біз, облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері - елдің өткенінен тәжірибе алып, бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарай алмайтын азаматтармыз. 
Еліміздің тарихына жүгінсек, қай қоғамда болмасын, ақсақалдар қауіп-қатерлердің алдын алуға және келешекте елге қызмет ететін азаматтардың саламатты өмір салтын ұстанып жүруіне ақыл-кеңестерін беріп отырған.
Лудомания, немесе ойын құмарлық - әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық әрекет болып табылады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілді.
Олардың адамды қызықтыратын бір тұсы - бұл ақшаға, түрлі жиһаз, малға деген құштарлық. Қарапайым түрде бай болудың оңай, әрі алдамшы жолы. Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. 
Елімізде ажырасқан 10 жұптың әр 7-ші жұбы осы ойындардың кесірінен бір-бірінен ажырасуда. Құмар ойындардан шыға алмайтын адамдар лудомания ауруына шалдығады.
«Ақымақтың мақсаты – байлық, ақылдының мақсаты - адамгершілік», -  деп ата-бабамыз айтып кеткендей, адамгершілігі мол, ұлтжанды азаматтары бар қоғамды қалыптастыру қажет.
Жоғарыда келтірілген мысалдарды негізге алып, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі облыс тұрғындарын, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды жиырма бірінші ғасырдың қоғамдық дерті болып саналатын лудомания көріністерімен бірауыздан күресуге шақырады:
- Ата-аналармен, оқытушы қауымдастықпен тәрбие жұмыстарын күшейту;
- Интернет желілерінде құмар ойын жарнамаларының шығып тұруына тосқауыл қою;
- Көшелердегі жарнама ілетін тақтайшалар мен билбордтарда құмар ойындарды насихаттайтын жарнамаларды алып тастау және одан әрі болдырмау;
- Облыс аумағында лото клубтар мен жасырын казинолардың орналасуын рейд жасау арқылы зерттеп, жабу;
- Лудоманияның зияндығы тақырыбында қысқа метражды фильмдер түсіріп, оларды БАҚ мен барлық интернет желілерінде тарату», - делінген үндеуде. 
 
27 желтоқсан 2023 ж. 149 0