Велосипед ұрлығы көбейіп барады
Елде велосипед ұрлау тыйылмай тұр. Биылдың өзінде қолды болған мүліктің саны мыңға жуықтаған. Дегенмен тәртіп сақшылары қырағылық танытып, ұрланған қос дөңгелекті көліктің жартысын иелеріне қайтаруға көмектескен.
Велосипед – құнды және кез келген жерге қойып кете салуға ыңғайлы мүлік. Сондықтан велосипедті қараусыз қалдыру жағдайлары жиі кездеседі. Бұл немқұрайлылықты ұрылар жиі қолданады. Полиция органдарының мәліметінше, велосипедтер қайта сату мақсатында немесе бұзақылық ниетпен ұрланады екен. Велосипед иесі үшін оның жоғалуы жағымсыз оқиға екенін ескерсек, «Велосипед ұрлығының құрбаны болмау үшін не істеу керек?» деген сауал туындайды.
– Кепілдендірілген жалғыз әдіс – велосипедті қараусыз қалдырмау. Велосипедті бір минутқа қалдырсаңыз да, оны арнайы құлыппен бекіту керек. Егер бар болса, велосипедті қауіпсіздік камераларының жанына қалдырған дұрыс. Полиция қызметкерлері қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді. Өз мүлкіңізді сақтау үшін барлық қажетті шараларды қолдану ұсынылады, – дейді аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Дулат Алиев.
Жауапты қызметкерлердің сөзінше, азаматтар өз велосипедін қысқа уақытқа қараусыз қалдырып, соңынан ұрлатып алады екен. Велосипедтердің қандай орындарда ұрланатындарына сараптама жасалған кезде көпшілігі еркін түрде ұрланған. Кейбірі үй подъездерінен ұрланса, көшеден, үй ауласынан үптелгендері де бар. Велосипед ұрлап, оңай олжадан дәнденгендер кілттеулі құлпынан да бұзып, жымысқы ойларын жүзеге асыруы мүмкін. Үлкен қалалар мен аудандарда сарай мен гараж секілді орындарға жасырын кіріп, ғимараттардың терезесін сындырып, кілттерді үйлестіріп ашып, тонап кететіндер де бар. Осынау деректерді қарай отырып, аудан аумағында велосипедтердің ұрлануы – азаматтардың өз бұйымдарына салдыр-салақ қарауынан деген түйін жасауға болады.
Осы ретте былтыр әріптесіміздің велосипеді аяқасты қолды болып, мекеменің алдынан ұрланғанын айта кеткеніміз орынды. Біз дереу аудандық полиция бөліміне хабарласып, құқық қорғаушылар жедел іздестіру шараларын қолға алды. Нәтижесінде велосипед тез табылып, жасөспірім жеткіншектің балалықпен, білместікпен алғаны белгілі болды. Ата-анасы шырылдап, бала кешірім сұрап, әріптесіміз де ағаттық кеткенін түсініп, соңы кешіріммен, татуласумен аяқталған болатын. Бұл бір оқиға, ал біздің білмейтініміз қаншама. Барлық іс кешіріммен, татуласумен аяқталмайтыны да анық. Заң үстемдік құрған елімізде әр нәрсенің жауапкершілігі, сұрауы бар.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Фото: ашық дереккөзден