Жетісуда 24453 оқушыға материалдық көмек көрсетіледі
Биыл 17 мыңға жуық оқушыға қайырымдылық жасалады. Оларға оқуға қажет құрал-жабдықтар мен киім-кешектер сатып алынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір өңірде «мектепке жол» акциясы басталды. Аталған жоба 2 айға созылған. Мұндағы мақсат әлеуметтік осал отбасының балаларына барынша жағдай жасау. Сол арқылы оқушылардың мектепке дайындығын пысықтау іс-шаралары жүргізілмек.
Бізге әрбір оқушының қоғам алдында жүргені маңызды. Осы мақсатта «Мектепке жол» акциясы қолға алынды. Бұл бастама қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Бүгінде жағдайы төмен отбасында өскен балаларға арнайы облыстық бюджеттен 1 миллиард 61 миллион қаржы қарастырылып отыр. Осы арқылы 25 мыңға тарта баланың оқуға қажет заттарды сатып алуға мүмкіндік туады. Әрбір балаға 43407 теңге қарастырылған. Қаражат ата-аналардың карточкалық есепшоттарына 10 тамызға дейін толық аударылатын болады,- дейді өңірлік білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.
Акция аясында көп балалы ата-аналардың да жайы ескеріледі. Жетім не ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсетіледі. Әрбір білім шаңырағында арнайы мамандар осы бағытта жұмыс істейді.
Бұл бастама көптеген отбасына үлкен жәрдем. Әсіресе ауылдық жерлерде көп балалар киімнен тарығады. Былтырғы оқу киімін киіп баруға ыңғайсызданады. Оның үстіне тар болған соң, қатарына қалып қалғандай күй кешеді. Сондықтан қалаған затын алуға мүмкіндік беретін осындай игі бастамалар керек. Өзім де ата-ана ретінде қуанып отырмын,- дейді Жетісу ауылының тұрғыны Дәмеш Алтынбаева.
Айта кетейік, алда акция барысында қала мен аудандарда арнайы мектеп жәрмеңкесі өтеді. Онда төмендетілген бағамен мектепке қажет тауарлар сатылады.