Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Балаусаның» жарқын жетістігі

«Балаусаның» жарқын жетістігі

Талай аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген мақтаныштарымыз аудандық мәдениет үйі жанындағы «Балауса» халықтық би ансамблінің кіші топ өнерпаздары «Summer dance» ХХ республикалық өнер байқауында бас жүлдені қанжығасына байлап, аудан мерейін үстем етті. Аудандағы түрлі іс-шаралардың көркін қыздырып жүрген бишілеріміз әртүрлі деңгейдегі талай байқауларда үздік шығып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, бүгінде өз көрерменін қалыптастырып үлгерген.

Қызылорда қаласында өткізілген «Summer dance» ХХ республикалық «Tanm art» атты өнер байқауына жалпы 17 би ұжымы қатысты. Балалардың шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылған байқауда жас ерекшеліктеріне байланысты үлкен, орта, кіші топтар өз өнерлерін көрсетті. Нағыз таланттар мен жүйріктер жиналған байқау өте тартысты өтті. Бишілердің сахналық киімі көпшілікті тәнті етті. Үздіктер өнер көрсеткен байқауда «Балауса» халықтық би ансамблінің мың бұралған бишілері «веселое настроение» атты заманауи биін билеп, ерекше өнерлерімен дараланды. Байқау нәтижесі біздің аудан үшін жемісті болып, хореография номинациясы бойынша биші өнерпаздарымыз бас жүлдені қанжығасына байлап, жеңімпаз атанды. Осы ретте өнерлі өнерпаздардың жетекшісі, Қазақстан хореографтар одағының мүшесі Ақмарал Пернебаеваның ерекше еңбегін атап өту керек.


Байқауда Қазақстан хореографтар одағының мүшесі Тимур Андижанов, республикалық байқаулардың жеңімпазы Дастан Аманжол, М.Мәметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің аға оқытушысы Қалдыгүл Мұстапаева және конкурс директоры Тұржан Сұлтанбек төрелік етіп, өнерпаздарға өз әділ бағасын берді. Жеңіске жеткен өнерпаздарымыз байқау соңында арнайы диплом және медальмен марапатталды. «Балауса» халықтық би ансамблінің жетекшілерінің еңбегі бағаланып, арнайы дипломмен марапатталды.

Алтынай Қайратқызы
11 шілде 2024 ж. 172 0