Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Таза қала» Қызылордада – Сыр елінің тазалығы қай деңгейде

«Таза қала» Қызылордада – Сыр елінің тазалығы қай деңгейде

Қаланы ұқыпты ұстау – санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Осы орайда «Таза қала» тележобасы Алаштың алғашқы астанасы болған Қызылорда қаласына жетті. Бағдарламада тілшілер қаланың көрікті, жасыл желек жайқалған, сәулетті тұстарын көрсетуге және шаң басқан, қоқыс толған орындарын да табуға тырысады, деп хабарлайды KAZINFORM.

Қала келбеті

Соңғы 10 жыл көлемінде Қызылорданы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпта ұстау мәселесіне ерекше ден қойылып, тиісті шаралар қолға алынып келеді. Жылдан жылға жаңа мөлтек аудандардың саны да артып жатыр. 2017 жылдан бастап қаланың сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Қазірдің өзінде білім ордасы, жастар орталығы, саябақтар мен тұрғын үйлер көптің игілігіне берілген.

Қызылордада «Таза Қазақстан» акциясының шеңберінде апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып тұрады. Әрбір тұрғыны өзіне жақын, ыңғайлы ортаны таңдап, бірер сағат уақытын бөліп тазалық жұмыстарына атсалыса алады. Саябақтар, базар, орталық алаң негізінен таза. Қала негізінен таза. Әйтсе де, арагідік шашылған, жәшікке сыймай жатқан қоқыс байқалды. Базар маңындағы ретсіз қойылған дүңгіршектер атауы да қала эстетикасына үйлеспей тұр.

Жергілікті тұрғындар шаһардың тазалығы мен эстетикасына сын боларлық өзге де проблемаларды атады. Мәселен Абай даңғылы бойында «Универсам» мөлтек ауданы бар. Кеңестік кезеңде салынған үйлерге бес жыл бұрын модернизация жасалған. Оған қажетті қаражат тұрғындардың қалтасынан алынған. Бірақ бұл жұмыстарға халықтың көңілі толмайды. Себебі жаңарту барысында үйдің сыртқы келбеті ғана жаңарып, жертөледегі құбырлар, ішкі подъездер мен ішкі аула өзгеріссіз қалған.

2016 жылы салынған «Құралай» тұрғын үй кешені салыстырмалы түрде жаңа үйлердің қатарында. Қала орталығындағы, жоғары санатты үй болып да саналады. Алайда тұрғындар кәріз жүйесіндегі қолқаны қабатын иістен зардап шегіп отыр. Кәріз жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе де, мәселе шешілмепті. Коммуналдық қызмет те бұл мәселеден ат тонын ала қашады екен.

Әйтсе де, қаладағы ескі үйлер мәселесі кезең кезеңімен шешіліп келеді. Халық арасында «Южный» атанып кеткен шағын ауданның 1975 жылы салынғанына сену қиын. Қызылды-жасылды сырланған үйлердің ауласы да көз қуантады. Балалар ойнайтын алаңқай, үлкендерге самалжайлар орнатылған. Бұл аулада қоқыс атаулыны көрмейсіз. Бағдарламаға сұхбат берген тұрғындар тазалықшылар жұмысына дән риза екенін айтуда. Жалпы алғанда сауалнамаға қатысқан қызылордалықтар соңғы жылдары жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына көңілі толатынын айтты.

2 миллион ағаш еккен Бектай ата

Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына айналды. Соңғы жылдары бой көтерген тұрғын үй кешендерінің саны артып келеді. «Арай», «Астана», «Бәйтерек» сынды су жаңа мөлтек аудандар ел игілігіне берілді. Ал сондағы аулаларды абаттандыруды жұртшылық өз қолына алған екен. Мысалы Бердіқожа Кенжебаев өзі тұрған үйдің ауласын жайқалтып жіберген. Сегіз жыл бұрын көшіп келген қала тұрғыны ағаш егу, абаттандыру жұмыстарын сол кезде ақ бастап кетіпті.

«Қызылордада ағаш өсіру қиын. Өзім де талай шыбық ектім, шықпады. Ерінбей қайта-қайта талпынып, нәтижеге жеттім. Қазір ауламыздың көгеріп, жасыл желекке малынып тұр», - дейді қала тұрғыны.

85 жастағы Бектай Сүлейменов те еш қайтарымсыз қаланы абаттандыру, көркейту жұмыстарына атсалысады. Ақсақал бұрын агроном болып қызмет еткен және бүгінгі күнге дейін 2 миллион ағаш өсіріпті. Біразының көшеті сыр елінің көшелерінде жайқалып тұр.

«Күн сайын 8 гектар жерді айналып, ағаштардың күтімін жасаймын. Шыбық егемін, суарамын, шөбін отаймын. Әуежайға бара жатқан жолдағы ағаштардың бәрі менің көшеттерім», - дейді Б. Сүлейменов.

Қалада бірнеше шақырымға созылған орталық көшелер бар. Абай даңғылы – шаһардың бір басынан екінші басына созылып, басқа да көшелермен жалғасып жатқан жол. Қаланың ауқымды ойын-сауық орталығы да, саябағы, жағажай, аквапарктері де осы көшенің бойында. Халық кешқұрым осы сквердің бойында серуендейді. Дегенмен, мұнда бір де бір қоқыс кезікпеді. Бұл қызылордалықтардың тазалық мәдениетінің көрсеткіші.

Әкім не дейді

Қызылорда қаласын 8 жыл басқарып, кейінірек облыс тізгінін қолға алған Нұрлыбек Нәлібаев «Таза қала» бағдарламасына арнайы сұхбат берді және тұрғындарды толғандырған өзекті сұрақтарға жауап берді.

«Универсам мөлтекауданында негізінен 1964 жылғы ескі үйлер орналасқан. Жертөлені тазарту біздің жоспарымызда бар. Өйткені жылу да, су да жертөле арқылы өтеді. Қаладағы көптеген үйлер негізінен ескі, сондықтан жертөлені де бірге жөндеп кетеміз. Нақты «Универсам» аймағы биыл жасалады», - деп уәде берді облыс әкімі.

Ал «Құралай» кешеніндегі кәріз мәселесі облыс әкіміне таңсық болып шықты. Сол жерде облыс басшысы қала әкімі Серік Қожаниязовты шақырып мәселені реттеуді тапсырды.

Абай Құнанбайұлы мен Мұратбаев көшелерінің қиылысындағы үйлердің жағдайы басшы назарында екен.

«Күнделікті әлеуметтік желіні қарап отырамыз. Ол үшін арнайы бекітілген қызметкер бар, өзім де күніне 1-2 сағат жеке қараймын. Тұрғындардың арыз-шағымын көрсем, күн демей, түн демей, жауапты адамдарға тапсырма беремін. Менің ұялы телефонымның нөмірін бүкіл қызылордалықтар біледі. Өмір боғласын кемшіліктер, ақаулар болады. Дегенмен біз жылдам реакция беріп, қалпына келтіруге тырысамыз», - дейді Н. Нәлібаев.

Сарапшылар бағасы

«Таза қала» бағдарламасындағы барлық деректер эколог, урбанист секілді арнайы сарапшыларға тапсырылады. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы секілді бес критерий бойынша бағалайды. Бұл шығарылымды да Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Қашқынбаев, урбанист Тұрсын Жиенбаева арнайы көрді және қаланың хал-ахуалына өз бағаларын берді.

«Қаланың келбеті өте жақсы, эстетикалық жағынан да талғаммен өсіп келеді. Бірақ ескі қаланың да проблемаларын ұмытпау керек, әсіресе кәріз жйүелері, қатты қалдықтарды жинау мен шығаруда мәселе бар. Қызылорда ауа райының қолайсыздығына, топырақ құнарының төмендігіне қарамастан, қыруар қаражат бөліп, көгалдандыруға, абаттандыруға ұмтылып жатыр. Бағалауда осы ұмтылыстарын ескердім және Қызылорда қаласы кейін көк желекке оранған қала боларына сенемін», - дейді Ерболат Сатыбалдин.

Сарапшылар қатты қалдықтарды өңдеу мен сұрыптау мәселесі басқа қалалармен ұқсас екенін, қоқыс жәшіктері мен инфрақұрылым жетіспейтінін айтты.

«Сонымен бірге, қала халқының еңбекқорлығын байқадым. Төмен баға қаланың эстетикасына, соның ішінде ғимараттардың келбеті мен жағдайына қойылады», - деді урбанист Т. Жиенбаева.

Жалпы есепте Қызылорда қаласы 20 ұпаймен өңірлер арасында көш бастап тұр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Президент Телерадиокешені «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алды. Алғашқы түсірілім Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында басталды.

Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларының тазалығы жөнінде фоторепортаж жарияланған еді.

Фото: Jibek joly

01 шілде 2024 ж. 243 0