Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Апат айтып келмейді

Апат айтып келмейді

Халық саны 20 миллионға жеткен елімізде жол апаты азаяр емес. Мәселен, әлемде 1,2 миллион адам жылына жол апаты салдарынан өмірден өтсе, елімізде 3000 тұрғын зардап шегеді екен. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, республика аумағында 5 миллионнан аса автокөлік тіркелген. Оның ішінде, жеңіл автокөліктің үлес салмағы 87,9 пайызды құрайды. Елімізде жол қозғалысы ережесі бойынша бірыңғай тәртіп белгіленген. Еш уақытта қоғам өмірінде өзектілігін жоймайтын жолда жүру ережесіне қатысты мәселені жан-жақты саралауды жөн көрдік.

Уақыт сағаты кілт тоқтағанда...

Зайырлы мемлекеттің әрбір тұрғыны үшін заң ортақ. Қоғам өмірінде жылдам­дықты асырып, жантүршігерлік жол апатына себепкер атанатын жүргізуші біткен жауапсыздық танытады. Екі күннің бірінде жол үстінде талай жанның тағдыры үзі­летіні көпке аян. Жарақат салдарынан өмір бойы оңалып кете алмай, мүге­дек арбасына таңылған жарымжан жандар қаншама?! Қара жол бойындағы қасіретті жағдай көп отбасыны есеңгіретіп жібергені рас. Шын мәнінде, мамандардың зерттеуінше, жаяу жүргізушілерді қағып кету, көлік аударылуы, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соғысуы жиі болады екен.

Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын жолдың қарсы бетіне шығып кеткен автокөліктің маши­наға соғу салдарынан 1 адам қаза тапқан болатын. Әрине, 32 жасында жолдасынан айырылған Айгерім Бегімқұлова 4 перзентін өзі өсіріп келеді.

– Жолдасым Серік жұ­­­­мыс барысымен Қы­­зы­л­­орда қаласына ба­ра жатқан болатын. Зама­тын­да жоғарғы жылдамдықпен кел­­­ген автокөліктің артқы есік жанында отырған ер азаматымды майып қы­лады. Заң аясында кінәлі өз жазасын алғанымен, отбасымыздың тіреуін алып кетті. Тағдырдың дегеніне көндігіп, «Тірі адам тіршілігін жасайды» деген тәмсіл шындыққа жанасатынын сезгендеймін. Бүгін­де жол үстінде келе жатып, қара жол бойында қасірет болмауын шын тілеп келеміз, – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны.

Оқыс оқиғадан ес жия алмаған көпшілік төтелеп келген ажалға төтеп бере алмасы анық. Өз кезегінде Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері Дәуірхан Тағы­бер­генов жол апатына түскен азаматтарға жиі ота жасайтындығын жеткізді.

– Бірер күн бұрын «Хирургия» бөлім­шесінде әп-сәтте қатарынан 3 ота жасау­ға тура келді. Қармақшы ауданынан Қызылорда қаласына бара жатып, жеңіл автокөлік аударылған. Салдарынан 1 науқасқа экстромедулярлы остеосинтез, 2 науқасқа бұғана сүйек сынығы мен оң тізе аймақты артқы бетінің киста бейкарасына ота жасалынды. Мұндай жағдайлар жұмыс барысында жиі кездеседі. Қашанда адам өмірін арашалап қалу үшін барымызды саламыз. 3 ота сәтті аяқталып, емделушілер өз алғысын жеткізді, – дейді білікті дәрігер.


Есепті мерзімде аудандық полиция бөлі­мі 12 жол-көлік оқиғасын тіркеген. Жол апаты кезінде 3 аудан тұрғыны қай­тыс болып, 15 адам сан түрлі дене жара­қатын алған.

Айыппұл арқалау жауапкершілік жүгі ме?

Бүгінде автокөлік жүргізушісі сан мәрте айыппұл арқаласа да, жылдамдық асыруды тоқтатар емес. Тереңөзек кентінде жолаушы тасымалдайтын 9 такси тұрағы бар. Қызылорда қаласына тәулігіне 120-130 автокөлік қатынап, жолаушы тасымалдайды. Негізінен, кез келген жүргізуші жылдамдықты сағатына 90-99-ға арттыруға құқылы. Жылдамдықты тиісті мөл­шерден асырған жағдайда құқық қорғау органдарының назарына ілігеді. Сондықтан жолаушы тасымалдайтын жүргізуші қашанда ережеге бағынғаны дұрыс.

Күре жолдың бойында төрт түлік ұстайтын фазенда баршылық. Көбіне жүр­гізуші ірі қара малына және жылқыға соқтығысып, жол апатына ұшырап жатады. Жол бойында ерсілі-қарсылы жүретін малға иесі жауапты болғанымен, көпшілік өрістегі төрт түлікке иелік етпейді. Арнайы қаржы бөлініп, малға қарғы бау салын­ғанымен, жол қозғалысына мал кедер­гі келтіруде.

– Осы жылдың 5 айын­да Сырдария аудан­дық полиция бө­лімінің қызметкерлері жол қа­уіп­сіздігі бойынша біршама жұмыс атқар­ды. Мәселен, аудан көлемінде ҚР ӘҚБтК-нің №230 бабының 2-бөлігі міндетті сақ­­тан­дыру полисі жоқ бірнеше азамат анықталды. Сонымен қатар №590 бабтың 9-бөлігіне тиісті міндетті техникалық тексеру­ден өтпеген көптеген автокөлік кездесті. Аталған бабтың 7-бөлігі негізінде қайта жабдықталған автокөлік басқар­ған жандар жазаға тартылды. №602 бабтың 1-бөлігіне қатысты автокөліктің күндізгі уақытта ескерту жарық шамын жақпау, №602 бабынің 1 бөлігі негізінде қөлік құралын басқару құқығы жоқ, №601 бабының 1 бөлігі «Жол белгісінің талаптарын орындамау» бойынша бірнеше азаматқа айыппұл салынған. Аудан көлемінде масаң күйде автокөлік жүргізген 17 жүргізуші анықталған. Масаң күйде автокөлікке отырған­дар арасында жол-көлік оқиғасын жасаған жан­­дар көп, – дейді аудандық полиция бөлімі­­нің практика тобының инспекторы М.Омаров.

Күре жолдың сапасы сын көтер­месе оқыс оқи­ға­ға ұрын­­ды­рары ықти­­мал. Ойдым-ойдым шұңқырға түскен автокөлік иесі қиындыққа тап болатыны анық. Бұдан бөлек, жол ережесіне бағынбаудың өзі адам өміріне қауіпті. Жалпы, тәртіпке бағынбаған жүргізуші көбіне көлік құралдарын пайдалану қағидасын бұзу, көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіру, көлік құралын басқарудан айыру, көлік құралын басқарудан шеттету және масаң күйін куәландыру бойынша айыппұл мен жаза арқалайды. Өз кезегінде құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы, жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланыс­ты міндеттерді орындамауы, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, жол белгiлерiмен немесе жол­дың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау, бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту, жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу немесе жолдың жүру бөлiгiн кесiп өту бойынша бірнеше жауапкершілікке тартылады. Айта кетейік, биыл ҚР Ішкі Істер министрлігі жол ережесіне өзгеріс енгізген болатын. Ендігі жерде біртұтас сызықты кесіп өткен жүргізуші қарсы бағытқа шығумен тең саналады.

Биыл ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралған заңның бірі – мопед айдайтындарды көлік жүргізушісі ретінде қарастыру болатын. Аталған заң жобасына қатысты ҚР Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева пікір білдірді.

– Заң күшіне енгеннен кейін мопед жүргізушілері бұрынғыдай жаяу жүргінші ретінде емес, көлік жүргізушісі ретінде қарастырылатын болады. Ішімдік ішкен жағдайда рөлге отыруға болмайды. Кейбір азаматтар ішімдік ішсе, мопедтің тізгініне отырады. Бұл дұрыс емес, өйткені ол да жол қозғалысына қатысып отыр. Ол да масаймаған күйде ғана жол қозғалысына қатыса алуы керек. Осылай болғаны бәрі үшін әділетті болады деп ойлаймын, – дейді мәжілісмен.

Тәртіпке бағынбаудың жазасы ауыр

Аудан көлемінде тәртіп сақ­шыларының ұйымдас­тыруымен жедел-профилактикалық іс-ша­ралар өткізі­леді. Бүгінде Терең­өзек кентінің аумағы кеңейіп, шағын мөлтек аудан пайда болуда. Соған байланыс­ты аудандық полиция бөлімінің мамандары «Абайлаңыз – балалар!», «Мотоцикл», «Аула ішінде кездесу», «Құқықтық тәртіп», «Сіздің жолаушыңыз – бала» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуді бөлімнің жұмыс жоспарына енгізген. Ал 10 мен 16 маусым аралығында республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді.

– Іс-шара барысында автокөлік қозғалысының ықтимал жасырын бағыттарын анықтау, оның ішінде, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын жеңіл такси автокөліктері бойынша құқық бұзушылықтарды анықтау негізінде көліктік бақылау инспекциясы өкілдері қатарынан мобильді топтар құрады. Сонымен бірге рейс алдында жүргізушіні медициналық қарау, олардың еңбек және демалыс режимін сақтауына және сапарға шығатын автокөліктерді міндетті түрде техникалық тексеруге ерекше назар аударылатын болады. Бүгінде тәртіп сақшылары жүргізушілерге түсіндірме жұмысын жасап, жолаушы тасымалдауда қауіпсіздікті ескеру керектігін алға тартты, – дейді жергілікті полиция қызмет бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Айтбаев.

Түйін. Адам өміріне қауіп төндіретін жол апатын болдырмау мақсатында Швеция елінде нөлдік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру дағды­ға айналған. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымы тарапынан 2030 жылға таман жол-көлік оқиғасынан болатын өлім-жітім көрсеткішін 2 есеге төмен­дету қарастырылған. Швеция елімен салыс­тырғанда өлім көрсеткіші бойынша 13 есеге жоғары елімізде сақтық іс-шарасын пысық­тау – күн тәрітібінен түспеу керек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: mezgil.kz
18 маусым 2024 ж. 127 0