Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Темірден төнер қауіп бар

Темірден төнер қауіп бар

Жыл басында аудан орталығында орын алған келеңсіз жағдайдан көпшілік хабардар. «Жазым болса, аталаға тіс сынар» дегендей, айдың-күннің аманында орталықта жол-көлік оқиғасы орын алып, Lada Priora жеңіл автокөлігі орталық саябаққа қатты екпінмен кіріп кеткен. Оқиға түстен кейінгі уақытта болған. Абырой болғанда адам аман, зардап шеккендер бар. Темір қалпына келер, келмесе де түк емес, ең бастысы – кісінің амандығы.

Осы орайда сала мамандары тұрғындарға тағы да қауіпсіздік шараларын ескертіп, асығыстық танытпау қажеттігін еске салады.

– Заң бәріне ортақ. Көлік жүргізушілері­не де, жаяу тұрғындарға да қауіпсіздік талаптарына баса мән беру қажеттігін ескертеміз. Апат айтып келмейді. Өзіміздің және айналамыздағылардың өміріне қауіп төндірмейік. Жол жүгенсіздікті кешірмейді, – дейді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Қыдырбек Көшекбаев.

Өткен жылы аудан көлемінде 25 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 37 адам зардап шексе, 9 адамның тағдыры қара жолда қиылған. Өзекті өртер өкінішті оқиғалардың себебі әртүрлі.

Халықтың көлік құралдарына деген сұранысы артқан сайын одан келер қауіп те артып отыр. Расында, қарап отырсаңыз, бір үйде бір емес, бірнеше көлік бар. Заманына қарай ол да жөн шығар. Барар жеріңе жылдам жеткізеді, алыс жолға алаңсыз шыға аласың. Бір үйге бір көлік керегі анық. Бірақ жүргізуші көлік тізгінін қолға алған сәттен өзінің, отбасының және өзге адамдардың өміріне жауапкершілік арқалайтынын ұмытпауы керек. Әсіресе, қоғамдық такси қызметін атқаратын жүргізушілер осы мәселе төңірегін көбірек назарға алғаны жақсы. Әйтпесе, ақшаның соңынан қуып, жылдамдықты ретті-ретсіз асыратын таксилерді өзіміз де көріп жүрміз.

Жол-көлік оқиғасының басты себептері – жылдамдықты шектен тыс арттыру, жол ережелеріне бағынбау, көлікті мас күйінде басқару, одан қалса кәмелетке толмағандардың ата-ана рұқсатынсыз көлік айдауының кесірінен болып жатады. Одан басқа да себептер жетерлік.

– Өз басым көлікке отырған бойда ең алдымен қауіпсіздік белдігін тағамын. Бұл негізгі шарттың бірі. Кейбіреулер «Не, қорқасың ба?» деп әдейі намысқа тиіп әзілдеп жатады. Қауіпсіздік белдігін тағу-тақпау абырой емес, қауіпсіздік. Әлемде жылына көлік апаты салдарынан миллион­нан астам адам көз жұмады екен. Бұл не деген статистика десеңізші? Әркім қауіпсіздікті басты назарда ұстаса, мүмкін жапа шеккендер қатары азаяр ма еді, – дейді ұзақ жылдан бері көлік тізгіндеп жүрген кент тұрғыны.

Қазіргі таңда жол сапасын жақсарту бойынша оң нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар­ жол көлік апатына себепкер болғандар үшін жаза мен айыппұл да қатаңдатылуда. Әр көшенің бойында арнайы белгі мен бейнебақылау да орнатылған. Десек те, опық жегізер оқиға азаймай тұр.

Қалай десек те, қауіпсіздіктің ең басты қағидаты – жолдағы жауапкершілік. Төбедегі тақтай­ша мен бейнебақылаудан емес, адам өмірін құртудан қорқу керек. Қауіпсіздікті жол полициясы үшін емес, жеке бастың қауіпсіздігі үшін сақтау қажет.

«Тт» ақпарат
06 қаңтар 2024 ж. 221 0