Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Апат зардабын залалсыздандырған сарбаз

Апат зардабын залалсыздандырған сарбаз

Әскери адамға қашанда басшылықтан келіп түскен тапсырма бұлжытпас қағида саналады. Осыдан 40 жыл бұрын әскери борышын өтеуге аттанған Темірбек Айкөпешов өмірінде елеулі өзгерістер орын алған. 2 жыл бойы Белоруссия елінде сарбаз атанған Тереңөзектің бозбаласы Чернобыль атом электр станциясында болған жойқын жарылыс барысына теледидар арқылы қанығады.

Апат салдарынан зардап шеккен Хоиники қаласына 1986 жылдың қыр­күйек айында табан тіреген 12 сар­баздың ішінде Темірбек Әсер­бай­ұлы бар еді. Желілік байланыс қызметін атқаратын сарбаз 45 күн бойы радиа­циялық аймақта қызмет етеді. Желі­лік сымды бір-біріне жалғап, байланыс орнатуға себепкер болған сарбаз өткен күнді күрсініспен еске алды.

– Біз барғанда Хоиники қаласының халқын қауіпсіз ау­мақ­қа көшірген екен. Залалсыздан­дыру жұ­мысы үздіксіз жүр­гізі­луде. Жергілікті тұр­ғын­­дарды қайта көшіріп әкелуге атса­лыс­­тым. Бай­ланыс желі­­cін қайта қал­пына келтірдік. Алғашқыда біз оқу-жат­тығу­ға бара жатырмыз деп ой­лаған едік. Сөйтсек, апаттың нақ ортасына түскен екенбіз. Күнделікті үстіміз­ге киген киім бір реттікке арнал­ған. «Зил 131» жүк көлігімді тізгін­деген маған сала мамандары радиация мөлшерін тексеріп, зиян­дылығын ескертеді. Генерал талай қолдау көрсетіп, ортамыздан табылғанын көрдік, – дейді Темірбек Әсербайұлы.

Апаттың зардабы жігіт ағасы үшін туған жерге оралғаннан кейін байқала бастады. Денсаулығы сыр беріп, арагідік аурушаңдық белгісі мазалайды. Соған қарамастан жас сарбаз байланыс саласына қызметке орналасады. Кейіннен сол кездегі №36 А.Жданов атындағы орта мектепте ұстаз ретінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Отбасында Темірбек аға Раушан апамен бірге 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіреді. Қазіргі уақыт­та Чернобыль апатына қатысқан ардагерлер ұйымының төрағасы қыз­метін атқаратын азамат ардақты жан­дарды сауықтыру, іс-шараларға қатыс­тыру секілді бағыт-бағдарды жан-жақты үйлестіреді.

– Чернобыль апаты көп адам­ның өміріне қауіп төндіргені мәлім. Әр жылдары біздің замандастарымыз радиациялық аумақтың ауасын жұтып, көптеген қиындықты бастан өткерді. Шын мәнінде, әскери борышын өтеген жандар жанкештілік танытты десем, қателеспеймін. Бүгінде жыл сайын ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіліп тұрады. Жақында Ауған соғысы, Семей ядролық сынақ полигоны мен Чернобыль апатына қатысушыларға және Тәжік-Ауған шекарасында ерлік көрсеткен сар­баздарға арналған ескерткіш орнатылды. Біз өткен күннің еншісіндегі ұмытылмас естелікті ұрпақтарымызға айтып отырамыз, – деді Темірбек Айкөпешов.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 сәуір 2024 ж. 302 0