Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол мұраты – жету

Жол мұраты – жету

Соңғы екі аптада аудан аумағында жол көлік оқи­ғаларының саны тым кө­бейіп кетті. Ең қиыны, апат салдарынан бір емес бірнеше адам қаза болып, бір­неше әулет қайғыдан қара жамылып, қи­мас жандарынан қапияда айырылып қалды. Осы ретте, әр жүргізуші жолда жү­ру ережелерін қатаң сақтап, өзінің де, өзгенің де өміріне залал келтірмейтіндей деңгейде автокөлік жылдамдығын бәсең­детсе деген ұсыныс бар.

Халқымызда «Жол мұраты – жету» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Ал діттеген жерге аман жетудің маңызы бү­гінде бұрынғыға қарағанда бірнеше есе артып отыр. Оған бас­ты себеп – жолдағы ерсілі-қарсылы жүйткіген көліктер мен жеңіл автокөліктердегі жылдамдықтың шамадан тыс артуы. Соның кесірінен қаншама адамның өмірі жарты жолда үзіліп, қаншама отбасы күтпеген апат салдарынан ауыр қайғағы душар болды. Бұл ойланарлық жағдай және бүгін ойланбасақ ер­тең мүлдем кеш болуы да ықтимал.

Бүгінде ауданнан Қызылордаға дейінгі автокөлік жолы тү­гел жөнделіп, ой-шұңқыры қалпына келтірілді. Бұрын тұрғын­дар екі ортадағы апаттың бәрін жолдың сапасыздығымен бай­ланыстыратын. Қандай да бір жол көлік оқиғасы болса, «Шұң­қырдан қашамын деп рульге ие бола алмай қалған ғой» деп топшылайтын. Оның арғы жағында иесіз жүрген малдарды да кінәлайтындар көп еді. Ал қазір ше? Қазір бәрі өзгерді. Жол жөнделді. Тақтайдай тегіс десек те болады. Шұңқыр да жоқ, ой да жоқ. Әкімдік пен полиция бөлімі тарапынан көлік жүр­гізушілеріне жолда иесіз жүрген малдар болуы ықтимал екенін ескертетін бір емес, бірнеше белгі де қойылған. Сонда кінә кімнен? Кінә – жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушіден, әрине. Ал оның көлік айдап келе жатып ұйықтап кетуі, жолдан шығып кетуі, қарсы бетке қарай өтіп кетуі – ақ­тауға келмейтін көп сылтаудың бірі.

Жолда опат болғандардың бәрі жауапсыз, жауап­кер­шілік­тен жұрдай деп айтуға ауыз бармайды. Десек те жауап­кер­шілікті терең сезінетіндер өте аз екені жасырын емес. Бұл сөзі­мізге сенбесеңіз, Қызылордаға дейін автокөлік жыл­дамдығын сағатына 90 шақырымнан асырмай айдап баратын жүргізуші көп пе, аз ба, өзіңіз ойланып көріңіз. Жоқ дегенде жылдамдық көрсеткіші сағатына 110, 120 шақырымды көрсетеді. Ал одан кейін кімге, қалай ренжиміз? «Ажалы шығар...» деп айту да әбестік қой мұндайда.

Жаратқан Ие пендесіне «Сақтансаң, сақтармын» дейді екен. Қарапайым өмірде сақтанудың түрлі жолы бар. Оның түпкі мәні өзгеге де, өзіңе де залал келтірмейтін іс-әрекетті дағдыға айналдырумен тығыз байланысты. Оның ішінде, кө­лік тізгіндегенде жылдамдықты асырмау да бар. Түйіндей айт­қанда, көлік айдағанда абай болайық, ағайын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
20 желтоқсан 2022 ж. 559 0