Тиімді сот жүйесі – негізгі талап
Сот жүйесін жетілдіру – қоғамның әділ талабы десек, келер жылдан бастап елімізде дербес кассациялық сот құрылады деп жоспарлануда. Бұл мәселе қазіргі таңда халық арасында кеңінен талқылануда. Осы орайда тиісті сала мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Апта ағымында Сырдария аудандық сотының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Сот төрағасы Р.Алдамбергеновтің төрағалығымен өткен жиынға судья Д.Ералиев, билер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудан прокуроры А.Кемалов, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, жеке сот орындаушы Ж.Тұңғышбаев, медиаторлар, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, адвокаттар, жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде жаңадан құрылатын кассациялық соттың мәртебесі туралы мәселе қаралып, талқыланды. Көтерілген ауқымды мәселе бойынша Сырдария аудандық сотының судьясы баяндама жасады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету үшін жекелеген кассациялық соттар құрудың маңыздылығы туралы атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің бес пайызы ғана кассацияға беріледі. Бұл аз және азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Сондықтан дербес кассациялық инстанция құру мәселесі бойынша заң және кәсіпкерлік қоғамдастықпен консультациялар өткізу қажеттігі пісіп-жетілді. Біздің ойымызша, тәуелсіз кассациялық инстанцияны құру мәселесі өте өзекті. Бұл дауларды сырттан және объективті қарауға, азаматтардың бостандықтарын сақтауға және олардың құқықтарын қорғауға оң әсер етеді. Республиканың әрбір азаматына мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Конституцияда және елдің заңында көзделген құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе шектейтін кез келген заңсыз шешімдері мен әрекеттерінен сот арқылы қорғалуына кепілдік беріледі. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот жүйесі әділдікті барынша объективті, ашық және жария түрде жүзеге асырады, – деген судья Дәурен Ералиев сот жүйесіндегі барлық оң өзгерістер жалғасып, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді деген үміт бар екенін атап өтті.
Сондай-ақ жиын соңында сот төрағасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтыру енгізу туралы» заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіріп өтті. Бұл тұста заңнамадағы өзгерістердің маңыздылығы айтылып, әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда екендігі нақтыланды. Дөңгелек үстелге қатысушылар ойларын ортаға салып, өз сұрақтарына сала мамандары тарапынан жауап алды.
– Сот билігінің негізгі мақсаты – азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету. Президент сот жүйесін реформалау аяқталмайтынын, ол соттан тыс мамандардың көмегімен жетілдірілетінін айтты. Сонымен қатар Президент өз Жолдауында кассациялық деңгейде болып жатқан реформалардың маңыздылығын да атап өтті. Мұның бәрі біздің бірлесе жұмыс істеп, заңдылықты сақтауды күшейтуімізге негіз болады, – деп қорытындылады сот төрағасы.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ