Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ: бақ пен бап сыналар шақ

ҰБТ: бақ пен бап сыналар шақ

«Адам өмірде екі нәрседен қателеспеу керек» дейді. Оның бірі – жар таңдау болса, екіншісі – мамандық таңдау. Әне-міне деп, көзді ашып жұмғанша оқу жылы да аяқталып, жас түлектер ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруда. 11 жыл оқыған білім ордасынан түлеп ұшып, алған білімін дәлелдеп, сан түрлі мамандықтың тізгінін ұстайтын түлектердің ой-санасы мен бар көңілі оқу жылының аяғына дейін алаңдаулы болғаны рас. Себебі ҰБТ-ны өмірдің шешуші қадамы деп ойлайды.

Мектеп бі­тіріп отыр­ған әр тү­­лектің алдында үл­кен жа­уапты әрі маңызды кезеңнің бірі – мамандық таң­дау сәті күтіп тұр. Дұрыс мамандық таңдау – әр адамның өмірінде қаншалықты ма­ңызды рөл атқаратынын айтпасақ та түсінікті. «Мамандық таңдау – өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау» деп бекер айтылмаса керекті, себебі бұл үлкен өмірге деген жауапты қадамның бірі болып саналады. Ал таңдаған мамандық бойынша қалаған оқу орнына оқуға түсу мүмкіндігі ҰБТ-дан жинаған ұпай санына тікелей байланысты екені белгілі. Дегенмен жастарға ҰБТ нәтижесі төмен болған жағ­дайда қапа бол­мау қажеттігін түсін­діруіміз керек. Себебі қазір оқи­мын деген адамға мүм­кіндік жетерлік.

Ұлттық бірыңғай тестілеу тарихындағы екі үлкен реформаны айрық­ша атап өтуге болады. Оның бірі – 2017 жылдан бастап аталған тестілеу тек жоғары оқу орнына түсу емтиханы болып бекітілгені еді. Оған дейін естеріңізде болса, ҰБТ-ға барлығы байланып қалған еді, оның нәтижесі «Алтын белгі», «Ерекше аттестат» алуға, мектептегі емтихан қорытындысына, тіпті аудандар мен облыстардың білім сапасындағы рейтингіне ықпал ететін. Мұның бәрі тесті­леуде объективті бір нәтиженің шығуына өз кедергісін келтірді. Осыған байланысты 2017 жылы маңызды шешім қабылданып, ҰБТ-ның нәтижесі жоғарыда аталған ешбір мәселеге, тіпті мектептегі қорытынды аттестатқа да әсер етпейтін болды. Бүгінгі таңда тестілеу аяқталған соң әр үміткердің нәтижесі мектепке, білім бөлімдері мен басқармаларға берілмейді. Қорытындыны баланың өзі ғана жеке кабинетінде көре алады. Екінші елеулі өзгерістің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу форматының қағаз нұсқадан электронды нұсқаға ауыстырылуы. Компьютерлік форматқа өту тестілеуді жылына бірнеше рет өткізуге мүмкіндік берді. Бұрынғы формат бойынша талапкер тестілеуді жылына тек бір-ақ рет тапсыра алатын. Электронды нұсқаға өту тестілеуді ұйымдастыру сапасын арттыруға да әсер етті. Айталық, тест тапсырушы нәтижесін бірден көре алады және қорытындысымен келіспеген жағдайда сол жерде, тестілеу аяқтала салысымен аппеляцияға бере алады. Биылғы жылы ҰБТ бойынша айтарлықтай өзгеріс болған жоқ, тек бірқатар ішінара өзгерістер ғана енгізілген болатын. Ал форматы дәл бұрынғыдай. Биылғы жылдағы өзгерістің бірі – оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық бойынша 10 сұраққа қысқарды, ал бұрын 15 сұрақ болатын.

Биылғы жылы елімізде 186 мың түлек орта мектепті тәмамдайтын болса, оның 181 мыңы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Олардың әрқайсысының тестілеуге қатысуға екі рет мүмкіндігі бар. Ең жақсы нәтиже бойынша грант конкурсына қатысуға болады. Бұл әр түлек үшін берілген үлкен мүмкіндік. 2024 жылы түлектер саны 9 мың адамға көп, сәйкесінше гранты саны былтыр 88 мың болса, биыл 93 мың болып артты. Сырдария ауданы бойынша биыл барлығы 441 оқушы мектеп бітірсе, оның 376-сы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. ҰБТ 16 мамырдан бас­тап 5 шілдеге дейін жалғасын таппақ. Бүгінгі күні Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып үлгерген түлектеріміздің нәтижесі жаман емес. Атап айтқанда, №37 мектеп-лицей түлектерінің ара­сында ең жоғарғы 123 ұпайды «Алтын белгіге» үміткер Әйгерім Совет алып отыр. Мектеп-лицей түлектерінің жинаған ұпайлары 100-ден кем емес. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің бітіруші түлегі «Алтын белгіге» үміткер Рүстем Әбілмансұр 125 ұпай жинады. Әбілмансұр бұған дейін XVI Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде топ жарып, ауданымыздың мақтанышына айналған болатын. Сондай-ақ №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Асылай Бектасқызы ұстаздарының берген білімі мен өзінің тыңғылықты дайындығының арқасында тестілеуден 131 балл жинады. №137 орта мектеп оқушысы Жәмилә Әбсаттарқызы 131 жинаса, №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицей түлектері Зехра Қуаныш 130 балл, Инабат Төребек 128 балл жинап, үздік атанды. Мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-дан ең жоғарғы ұпай жинап, өздері таңдаған мамандық бойынша грант иегері атануына тілектеспіз. Еліміздің кемел келешегі – бүгінгі білімді жас, болашақ өскелең ұрпақтың қолында.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: Dauletten.kz
11 маусым 2024 ж. 169 0