Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлектердің көбісі дәрігер болғысы келеді

Түлектердің көбісі дәрігер болғысы келеді

Елдегі пандемияға сәйкес денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің күшейтілген режимде жұмыс істеуіне тура келді. Бұл ақ халатты абзал жандарға деген сұраныстың артуына тікелей әсер етті. Соңғы екі айда көпшілік қауым ине салатын маман таппай, дәрігер іздеп қиналғаны да анық аңғарылды. Осыған орай биылғы мектеп бітіруші түлектер арасында дәрігер болғысы келетіндердің үлес салмағы қаншалықты екенін анықтап, журналистік зерттеу жүргіздік.

Аудан бойынша биыл барлығы 341 оқушы мектеп бітірді. Оның 263-і ҰБТ-ға қатысқаны белгілі. Бүгінде орташа балл 77,5 пайызды құрады. Осы ретте жас түлектердің белгілі бір мамандықты таңдап, өздері оқығысы келетін оқу орындарын да анықтағанын айта кетуіміз керек. Бірі ауылдан ұзамай Қызылорда қаласында білім алуды жөн көрсе, енді бірі Нұр-Сұлтан, Алматы секілді үлкен қалаларда студенттік кезеңдерін өткізгісі келеді.

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мамандықтың қыр-сырын түсіндіру, оқу орындарының мүмкіндіктері мен жетістіктерін жария­лау бағытында арнайы іс-шаралар да ұйымдастырылған. Әр мектепте түлектердің дұрыс таңдау жасауы үшін кездесулер, тақырыптық кештер, дөңгелек үстелдер мен пікірталастар өткізілген. Нәтижесінде жас түлектер болашақта меңгеретін мамандықтары негізінде нақты таңдау жасап, сол бағытта дайындық жұмыстарын жүргізген. Бұл оқушылар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де, мектеп әкімшілігі үшін де тиімді.

Әлемде мамандықтың 40 мыңға жуық түрі бар екен. Әрине, оның ішінде біздің елде жоқ және оқытылмайтын мамандықтар да бар. Ал аудандағы биылғы мектеп бітіруші түлектердің 10 пайызы дәрігер болғысы келеді екен. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Яғни дәрігер болғысы келетін түлектер таңдауының үлес салмағы артып келеді. Бұған соңғы уақыттағы білікті дәрігерлерге деген сұраныстың көбейгені әсер етсе керек-ті. Болашақта дәрігер болуды мақсат еткен жас түлектердің бірі – Аманкелді ауылындағы Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің мақтанышы Аружан Сәлімгерейқызы. Ол ұлттық бірыңғай тестілеуден 120 балл жинап, ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтаған озат оқушы.

– Дәрігер болу – зор жауапкершілікті талап етеді. Адамдардың дертіне дауа, еміне шипа табу үшін адалдық, әділдік және білім қажет. Өзім медициналық жоғары білім беретін академияда оқығым келеді. Болашақта өзім туып-өскен аудан­ның денсаулық сақтау саласында еңбек етуді армандаймын. Мүмкін ауылда жұмыс істермін. Ол уақыттың еншісіндегі іс. Бірақ ақ халатты абзал жан атану үшін ізденісті серік етіп, тер төгетін боламын, – дейді жас түлек.
Дәрігер болғысы келетін оқушылар әр мектепте бар екен. Барлығы 34 мектеп бітіруші келешекте адам жанының шипагері болуды көздеп отыр. Әрине, таңдау жақсы. Алайда, бұл таңдауға жету де оңай емес. Ол үшін оқушылардың жауапкершілігі жоғары болуы қажет.

– Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең жауапты сәт. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық өмірдің жарқын бас­тауы болмақ. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне ізденіс қажет. Биылғы бітіруші түлектердің әрқайсысының өздері қалаған мамандығы бар. Құрылысшы, инженер, экономика саласы, заң қызметкерлері болғысы келетіндер көп. Басым көпшілігі ұлағатты ұстаз бен ақ халатты абзал жан болғысы келеді. Ұстаз және білім саласының маманы ретінде жас түлектерге шын жүректен сәттілік тілеймін, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Ләззат Мығымбаева.

Иә, әр мамандықтың өзіндік орны бар. Десек те, үлкен кісілер «бір үйге бір дәрігер мен бір мұғалім керек» дегенді жиі айтады. Оның үстіне екі мамандыққа деген сұраныс қай кезде де жоғары. Үлкен қалаларда білікті дәрігерлер бір емес екі-үш мекемеде қызмет атқарады. Бір жерде ота жасаса, екінші бір жерде сырқат жандарға арнап дәрігерлік кеңес береді. Бұл нарықтың заңдылығы. Білікті ұстаздар да негізгі жұмысынан тыс уақытта үйден оқушы оқытып, білімін, тәжірибесін оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына арнап келеді.

Жоғарыда биыл мектеп бітірген сырдариялық 341 жас түлектің 34-і денсаулық сақтау саласының маманы болғысы келетінін айттық. Бұл қуанышты жағдай. Жастар оқу оқып, білікті маман атанып, өз білімдерін еліміздің, оның ішінде өзіміздің ауданның дамуына жұмсаса, үміт пен сенімнің ақталғаны. Ендеше, күрделі кезеңді көріп, қиындығын сезініп, болашақта науқас жандардың сауығып кетуі үшін еңбек еткісі келетін жас түлектерге сәттілік тілейміз.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ
11 шілде 2020 ж. 516 0