Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақжармада жаңа көпір пайдалануға берілді

Ақжармада жаңа көпір пайдалануға берілді

Ұлт болып ұйысып, бірлігін бекем еткен әрбір ауылда ынтымақ пен ырыс көрініс табатыны рас. «Ауыл болсаң – қауым бол» деген тәмсілді жаң­ғыртқан ақжармалық ағайын ұрпақтар сабақтастығының озық үлгісін көрсете білді. Өткен аптаның жексенбісінде ауыл халқының және «Ақжарма және К» шаруашылығының де­меушілігімен «Ақарық» су арнасына салынған жаңа көпірдің ашылу салтанатына куә болдық.

Жаңа көпірдің ашылу салтанатына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов, халық­аралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Бәйдәулетов, «Ақжарма және К» шаруашы­лығының төрағасы Алмат Қайратұлы, «Қызылорда су торабы» 899 пикетінің 3 бөлімшесінің басшысы Сейіл Алмурзаев, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты. Өз кезегінде ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов сөз алып, ізгілігі мол істің басы-қасынан табылған ауыл халқына риза­шылығын білдірді.

– Бүгін ауылымыздың хал­қы «тату болса – ағайын жақын» екен­дігін көпшілікке үлгі ре­тінде көрсете білді. Жергілікті тұрғындар бірлесіп, «Ақарық» су арнасына көпір салғанына дән ризамыз. Туған жерден түлеп ұшқан ел ардақтылары мен облыстық мәслихат депутаты Қайрат Нұрсейітовке шынайы алғысымды жеткіземін. Сауапты іске мұрындық болған кез келген ауыл тұрғыны бар мақтауға лайық. Алдағы уақытта бұл көпірмен жұртшылық жүріп өтіп, тіршілік ауаны үзілмейді деп сенеміз, – деді ауыл әкімі.

Тіректі ауыл қатарына енген Ақжарма ауылы жыл өткен сайын жаңарып келеді. Жерден ризық-несібесін терген ағайын Сыр салысын өсіріп, қамбаға астық толтыруға ат­салысуда. Іс-шара барысында аудан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Машрапов, халық қалаулысы Марат Бисенов, ақын Мамыр Бәйдәулетов, ауыл ақсақалы Серікбай Нұртазаев, «Қызылорда су торабы» 899 пикетінің 3 бөлімшесінің басшысы Сейіл Алмурзаев жиналған жұртшылықты құттық­тап, ақжарма тілегін жеткізді.

Бұл ретте, меймандар жаңа көпір­дің лентасын қиып, «Ақарық» су арна­сының бойынан арнайы ескерткіш тақтаны ашты. Негізінен, көпірді асар әдісімен ауыл тұрғындары 6 ай бойы салған. Іс-шарадан кейін Есентұр Саркеевтің шаңырағында бабалар рухына арналып ас берілді.
– Көпір салына бастаған сәттен ауылдағы ағайын ауызбірлік таныта білді. Ауылдан жырақта жүрген ел азаматтары да зор үлес қосты. Көпірдің салынуына 10 миллионға жуық қаражат жұмсалды. Ал Айтбай Мүсілов ағамыз 1 ірі қара малын шығарса, өз отбасымыздың атынан 5 бас уақ мал мен 1 жылқыны игілікті іске бағыттадық. Ауыл халқының қыл өтпестей татулығына көз өтпесін, – деді ауыл тұрығыны Жандос Саркеев.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
11 маусым 2024 ж. 170 0