Іңкәрдарияда мешіт ашылды

Іңкәрдария ауылындағы 100 орынға арналған мешіттің құрылысы өткен жылы басталған. Ауылдан түлеп ұшқан кәсіпкер, қажы Мейрамбек Қонақбаевтың демеушілігімен жаңа ғимарат тұрғызылды. Бұдан бөлек, өңірімізге белгілі кәсіпкерлер Асхат Шәукенбаев, Қазыбек Омаров, Мұхтар Шаханов, Бахтияр Құдайбергенов қаржылай қолдау көрсеткен. Сонымен бірге, ауыл азаматтары Бақытбек Шәріпбаев, Жомарт Базарбаев, Мұрат Тыныштықбаев, Жылқыбай Исабаев, Абзал Нұрылдаев, Мұрат Жөнеров, Кенжебек Манатауов сынды азаматтар игілікті істің басы-қасынан табылды. Іс-шарада әруақтарға Құран бағышталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы Болатбек Абуов құтхана мешіт салуға зор үлес қосқан ел азаматтарына ризашылығын білдірді.
– Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылында жаңа мешіттің ашылуының куәгері болып отырмыз. Жақсылыққа үн қосқан ел азаматтарының Алла Тағала ырзық-несібесін молынан берсін. Құлшылық үйін салуда айрықша қолдау көрсеткен ел азаматтары сауапты іске себепкер болды. Мұнда қанша ұрпақ діни сауаттанып, Тәңірдің ризашылығына бөленеді. Жаңа нысан баршаңызға құтты болсын, іші жамағатқа толсын, – деді өкіл имам Болатбек Абуов.
Жаңа мешітте 100 ер кісіге арналған бөлме, 20 әйел кісіге арналған бөлме, 15 орынға арналған медрессе, ауыл имамының бөлмесі, 100 орындық асхана, тамақ пісіретін және мал соятын бөлмемен қамтылған. Игілікті іс-шарада мешітті салуға атсалысқан жандарға құрмет көрсетілді. Ауыл әкімі Сәулет Есдәулетов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді. Демеушілерге сый-сияпат ұсынды. Ал «Ақжарма және К» фермерлік қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов ауыл мешітіне 1 миллион теңге қаржылай көмек көрсетті. Тыл ардагері Рахымжан қажы Бәйменов көпшілікке ақ батасын берді.
Іс-шара соңында әруақтарға арналып ас берілді. Сонымен бірге, көкпардан жарыс өткізілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ