Халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды
Ақжарма ауылының өнерлі өрендері тағы бір биік белесті бағындырып, жарқын жетістікке жетті. Бұл жолы ауыл бишілері Алматы облысында ұйымдастырылған халықаралық байқауда топ жарды.
Алматы облысының төрінде маусым айының 18-19 жұлдызында «Атадан Мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары мен бүлдіршіндер арасындағы «Жаз дәурен» халықаралық байқауы өтті. Аталған байқауға Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің жанындағы «Сұлу ай» би тобының мүшелері де қатысты. Оларды шабытты шығармашылық сапарға ауыл халқы мен өнерсүйер қауым сәттілік тілеп шығарып салды. Осы ретте, Ақжарма ауылының бекем бірлігі мен көркем тірлігі көпшілікке үлгі болғанын да атап өтуіміз қажет.
Талабы жоғары талантты балалардың халықаралық байқауда өнер көрсетуіне ауыл әкімдігінің ұсынысымен «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты М.Бисенов, «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Нұрсейіт, «Байдәулет» шаруа қожалығының төрағасы Б.Есмахан, «Төрт Ұлан» жеке кәсіпкерлік нысанының иесі Т.Мәкенов қолдау көрсетті.
Бағы мен бабы ұштасқан өнерлі оқушылар сенімді ақтап, халықаралық байқаудың қорытындысында жүлделі II орынды иеленді. Бұл – Ақжарма ауылының ғана емес, Сырдария ауданының халқы үшін зор қуаныш болды. Осыған орай «Сұлу ай» би тобының мүшелерінің құрметіне ауылда арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шарада ауыл әкімі Е.Ешмұратов пен «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты М.Бисенов халықаралық байқау жеңімпаздарын жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтады. Ауыл әкімі өнерлі өрендердің шабытына серпін беріп, қолдау көрсеткен М.Бисенов, Қ.Нұрсейіт, Б.Есмахан, Т.Мәкеновтерге, сондай-ақ, би тобының жетекшісі А.Сәкеноваға ерекше алғысын білдірді.
Іс-шарада ауыл абыройын асқақтатқан өнерлі оқушылар дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Сұлу ай» би тобының мүшелері құрмет пен қошемет көрсетіп, қолдау білдірген ел ағаларына, ауыл халқына ризашылықтарын жеткізді. Ақжармалық өнерлі өрендерді жетістіктерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!
А.СЕЙІЛОВ