Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Оңалту» орталығы жұмысын бастады

«Оңалту» орталығы жұмысын бастады

Тереңөзек кентінде балаларға арналған арнайы орталық ашылғанын көпшілік біле бермес. Өз кезегінде «Салауатты Сырдария» қоғамдық қорының «Оңалту» орталығы тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға арналып, күндізгі стационар ретінде жұмыс жасауда. Бұрнағы күні Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің мүшелері аталған орталықтың жұмысымен танысқан болатын.

«Оңалту» орталығы 10 балаға лайық­тандырылған. Бүгінде аудан бойынша бірнеше бала қамтылып, кәсіби мамандардың бақылауына алынған. Орталықтың таныстырылымы барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақсұт Қаратаев, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлес­тігінің аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, қоғамдық кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, мәслихат депутаты Алмас Есназар, ардагерлер Сансызбай Сәдуақасов, Гүлбар Әбілова, Кенжебек Мұстафаев орталық жұмысына жоғары баға берді.


– Мемлекеттік бағдарлама аясында аудан орталығында мү­гедектігі бар балаларға «Оңалту» орталығы ашылғанына қуаныш­тымыз. Жаңашылдыққа ұмтылып жүретін іскер азамат Қайрат Сүлейменов тың бастаманы қолға алуда. Баланың денсаулық жағдайын тікелей бақылайтын мамандар өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтынына сенеміз. Әр ата-ана баласының оңалып кеткенін қалайды. Мұндай орталық бізге аса қажет, – деді Маратбек Еспенбетов.

Негізінен, орталықта күні бойы балалар ем-шара қабылдап, денсаулығын күтуге мүмкіндік алады. Күндізгі стацио­нардың артықшылығы – үйден оқыты­латын балалар осында жан-жақты білім ала алады. Өз кезегінде ұстаздар оқу­шыны оқытуға орталыққа келеді.


– Біздің орталықта әлеуметтік маман, медбике, аспазшы жұмыс істейді. Ұлдар мен қыздардың тынығу, асхана, ем-шара, демалыс бөлмесі жасақталған. Бірер күнде бейнебақылау орнатылып, ата-ананың смартфонына қосылатын болады. Сонда ата-ана баласының күнделікті жағдайымен телефон арқылы танысып отырады. Кішкентай бүлдіршіндер үшін түрлі бағытта іс-шара ұйымдастырылады. Уақытылы массаж жасалып, диеталық тағам дайындалады. Сонымен қатар кәсіби мамандар шақырылып, курс өткізіледі, – деді орталық меңгерушісі Бағдаш Сағындық.


Орталық тарапынан жасалып жат­қан әрбір қызмет бойынша зерделеу жүр­гізіліп, ардагерлер өз ұсыныстарын ортаға салды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 маусым 2024 ж. 163 0