Татулық пен тұрақтылық – ел тұтастығының темірқазығы
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай кездесу өтті. Кездесуде аудан басшысы татулық пен тұрақтылық ел егемендігінің темірқазығы екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін атап өтті. Елімізде ұлттардың тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде экономикамыз өркендеп, ілгері басып келетінін жеткізді. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» демекші, ауданда бүгінде этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, егемендікті баянды, Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында еңбек етуде. Бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналған ауданымыз жыл өткен сайын көркейіп, кемелденуде, экономикасы өрге басып келеді. Барлық маңызды бағыттар бойынша жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Осы жетістіктердің бәрінде аудан тұрғындарының татулық пен бірлікке бағытталған қажырлы еңбегі мен ақ ниеті бар.
Халқымыз әркез қиналғанда бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Елімізде орын алған су тасқынында жерлестеріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қайырымдылық көмектер көрсетуде. Бір ел, бір халық болып жұмылып, қиындықтарды еңсеруге атсалысты. Осындай игі іске аудан халқы, қайырымды жандар, шаруашылық құрылымдарының төрағалары мен меценаттар, ерікті жастар қолдау білдіріп, су алған өңірлерге азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажетті заттармен көмек көрсетілді. Сонымен қатар, ауданнан су тасқынының алдын алуға арнайы техникалар жіберіліп, бүгінгі таңда зардап шеккен аймақтарда жұмыстар атқаруда. Сондықтан жомарттық танытып, қайрымдылық көрсеткен жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Қиын кезеңдерде бір-бірімізге жанашырлық танытайық. Біздің күшіміз – бірлікте! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң аудан басшысы Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр өңірінде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Өткен жылы аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы көптің көкейіндегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыруға қатысты шешім қабылдаған болатын. Тарихи шешімге түрткі болған жоба биыл басталады. Сонымен қатар, 424 шақырым «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Республикалық маңызы бар жолдың біздің облысымыз арқылы өтетін 216 шақырымын жөндеу жұмыстарының жалпы құны 108,5 млрд теңгені құрайды. Одан бөлек, Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жобасы Үкіметтен қолдау тапты.
Биыл облыс бюджеті еселеніп, 650 млрд. теңгеден асты. Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынуда. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 11-нің құрылысы жүргізіледі. Бүгінде «Білімді қолдау қоры» есебінен 7 млрд. 900 млн теңгеге 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы бой көтеруде. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан музыкалық колледждің жаңа ғимаратының құрылысы басталды.
Биыл «Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өңірде «Руханият жылы» жарияланды. Атаулы жылдың басталуында Қызылорда қаласында 1000 орындық «Өнер орталығы» ашылды. Қызылордада 650 орындық музыкалық колледж ғимаратының құрылысы жүруде. Өңірдегі барлық мәдениет үйі жанында «Адал адам» орталықтары жұмыс жасауда. Балалар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа баулып, өнерін өрістететін «Шығармашылық академиясы» салынуда. Жалпы құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын тәулік бойына жұмыс істейтін кітапханасы бар «Руханият» орталықтары барлық аудан орталықтарында салынуда.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құны 11 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Биыл қалған 11 нысан және 1 ауылдық аурухана салынады. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емхана және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қан орталығы пайдалануға беріледі.
«Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд. теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Ғимарат жақын арада пайдалануға берілмек. Облыс орталығындағы жаңа автовокзал халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай бюджет қаржысы есебінен 975 млн. теңгеге салынды. Жаңа стадионның да құрылысы жүргізілуде.
Кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, Сырдария ауданы әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева және Ассамблея мүшесі З.Князева мерекелік лебіздерін білдіріп, елдің ауызбірлігімен жасампаз жұмыстарды жалғастыра беруге шақырды.
Іс-шарада су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсетуге атсалысқан бірқатар сырдариялық аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.