Қызылордалықтар Қазақстан халқының бірлігі мерекесін атап өтті

Көпшілік жиналған алаңда қазақ халқының, басқа да ұлттардың дәстүрлі қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі ашылды. Гүлдер фестивалі Мамыр мерекесінің сәнін келтіріп, жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын бейбітшіліктің, келісімнің мерейлі мейрамымен құттықтады.
«Ұлы мақсаттарды ұлықтаған, достыққа құшағын айқара ашқан Қазақстан халқы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенім артып, дамудың жаңа көшін бастады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында «Халқымыз бірлік пен тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!», - деп елдегі тұрақтылық пен келісімнің негіздерін атады.
Бүгінде елімізде 130-дан астам, облысымызда 35 ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олар Әділетті Қазақстанның қалыптасып, өсіп-өркендеуі, бәсекеге қабілетті болуы жолында аянбай еңбек етуде. Айналамызда болып жатқан жағдайларға зерделей қарасақ, бейбітшілік пен тыныштықтың қадірі арта түсері анық. Сондықтан біз бірлігімізді болаттай берік етіп сақтауымыз қажет», - деді аймақ басшысы.
Мерекелік шараның концерттік бағдарламасында Сыр еліндегі барлық ұлт өкілдері өнер көрсетті. Әсем ән мен әсерлі би арқылы жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әсіресе патриоттық әндер бірлік пен татулық ұғымын ұлықтап, мән-мағынасын айшықтай түсті.



