Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан халқының бірлігі – достық пен татулықтың белгісі

Қазақстан халқының бірлігі – достық пен татулықтың белгісі

Бірлік пен ынтымақ – Қазақстан халқы үшін басты құндылық және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары. Тәуелсіз еліміздің тарихында 1996 жылдан бері кеңінен аталып өтілетін 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ел тұрғындарының басын біріктіретін айтулы мейрам.

1 мамыр мейрамы қазақстандық патриотизмнің, өз Отанына шынайы берілгендіктің жарқын көрінісіне айналды. Мемлекеттік мереке елімізді мекен ететін этнос өкілдерінің достығы мен татулығының, ынтымағы мен келісімінің белгісі. Тәуелсіздік жылдарында елімізде қоғамның бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімнің үлгісін қалыптастыратын және этносаралық өзара іс-қимылдың тиімді инс­ти­тутына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы қалыптасты.

Өткен аптада Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сесссиясына қаты­сып, ең алдымен еліміздің бірқатар аймағында болған табиғи апат салдарымен жұмыла күрес жүргізіп жатқан, ортақ істен шет қалмай белсенділік, әрі үйлесімділік танытқан Қазақстан халқы Ассамблеясының нәтижелі жұмы­сын жоғары бағалады. Мұны өзара жанашырлық пен тілеулестік көрсеткеннің көрінісі екенін айтты. Президенттің айтуын­ша, аз уақыт ішінде жүргізілген сая­си реформалардың нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойын­ша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағи­да­ларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.

Ассамблеяның кезекті сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп атал­ғаны бекер емес. Яғни халқымыздың стра­те­гиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді.

Президент бүгінде жаһандық апаттар белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық теке­тірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшей­іп бара жатқанына тоқталды. Мемле­кет бас­шысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Халық бірлігі мен тұтастығы – бүгінде мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне әсер ететін фактор. Сондықтан Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институтқа айналып, құнды­лықтарды нығайтуда ерекше рөл атқа­ратыны сөзсіз.

Қаймағы бұзылмаған қалың қазақ ордасы – Сыр елінде де қаншама этнос бір ананың баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл – жұртымыздың айнымас достығының үзілмес дәнекері. Татулық қағидаты ауданымызда да сақталған. Бұл бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Ынтымақ мерекесі қарсаңында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Мемлекет басшысы еліміз тағы бір тарихи кезеңін бас­тан өткеріп жатқанын айтып, бірліктің арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығаты­нымызға сенім білдірді.

– Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанның жар­қын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақса­тымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақ­станды құру. Мен Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігін қорғауды Прези­дент ретіндегі ең басты міндетім деп санай­мын, – деді Қасым Жомарт Тоқаев.

Бейбітшілік, тұрақтылық, азаматтық келісім орнаған тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры биік, ғұмыры мәңгі болсын!

Фото: Мадиярхан Кенжалыұлы

Бибісара ЖАНӘЛІ
30 сәуір 2024 ж. 298 0