Аудан әкімі Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
Құрметті жерлестер!
Сіздерді татулық пен келісімнің шынайы үлгісіне айналған «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мейрам – қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ұлт пен ұлыстың ынтымағын одан әрі нығайтатын мереке.
Қазақ – қашанда бауырмал халық. Қиын кезеңдерде ата-бабаларымыз елімізден пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, бір үзім нанды бөліп жеді. Ел басына күн туған замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі.
Достық бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәңгілік елдің алтын діңгегі – береке мен бірлікте!» деп атап көрсетті.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, қасиетті Сырдария жерінде бүгінде этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, егемендікті баянды, Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында еңбек етуде.
Бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналған ауданымыз жыл өткен сайын көркейіп, кемелденуде, экономикасы өрге басып келеді. Бірқатар маңызды бағыттар бойынша жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Осы жетістіктердің бәрінде аудан тұрғындарының татулық пен бірлікке бағытталған қажырлы еңбегі мен ақ ниеті бар.
Құрметті ағайын!
Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болсын!
Баршаңызға шынайы көңілмен бақыт-береке тілеймін. Бейбітшілік, тұрақтылық, азаматтық келісім орнаған Қазақстан жасасын!
Мереке құтты болсын!
Құрметпен, Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі