Өнерге қанат қаққандар
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасқан сәтінен-ақ өзіне тән музыкалық дәстүрі, өнері, аспабы дүниеге келді. Бесік жырынан бастап, шілдехана, тұсау кесу, сүндет тойды әуезді әнмен әрлендіру дәстүрі қалыптасты. Ұлттық құндылықты дәріптейтін бірден-бір мекен өнер мектептері бой көтерді. Онда жас ұрпақ музыкамен сусындап, шығармашылықты үйренуде.
Жылдағы дәстүрмен аудан өнерпаздарының бір шоғыры қалыптасқан Өнер мектебі керемет іс-шара өткізді. «Өнерге қанат қаққандар» тақырыбымен кезекті 2023-2024 оқу жылының есеп беру концерттік бағдарламасының куәсі болдық. Алдын ала хабарланған концертке келушілер көп болды. Көрермен залы лық толып, өнерпаздардың өнеріне қошемет көрсетілді.
Сахна шымылдығы өнер ұжымының, яғни мектеп мұғалімдері мен оқушылардан құрылған ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының «Адай» күйімен ашылды. Концерт жүргізушілері Олжас Сақыбек пен мектеп оқушысы Бегайым Оразалы көрермендермен сәлемдесіп, өнер мектебінен түлеп шыққан түлектердің болашағы жарқын екенін және өнердің Отаны – Сыр елі өнерпаздардың қанат самғауына жол сілтеген киелі өңір екенін айтты. Мұнан кейін оқушылардан құралған оркестр Құрманғазының күйі «Балбырауынды» орындап қошеметке бөленді. Күйші Мейрамбек Кенжебаев Нұрғиса Тілендиевтің «Көңілді бикеш» күйін домбырамен сүйемелдеп, «Тұмар» бишілер тобы мың бұрала билеп көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Өз кезегінде Мұхамеджан және Нұрахмет Мансұровтар термешілер блогын құрап, жырдан шашу шашты. Кішкентай бүлдіршіндердің вокалдық топпен орындаған «До-ре-ми» әні сәтті шықты. Одан әрі өнер мектебінің ұстаздары Роза Арғынбаева мен Шара Нұрадинова жетекшілік еткен қобызшылар мен скрипкашылар ансамблі қазақ әндерінен «Попурри» орындап, керемет көңіл күй сыйлады. Концерт өз өнерін паш еткен қобыз сыныбының мұғалімі Сәрсенкүл Түгелбаева мен шәкірті Лаура Мұратованың Құрманғазының күйі «Саранжапты» нақышына келтіріп орындаумен жалғасты.
Сахнаның болашақ жұлдыздарынан құралған вокалдық топтың «Жотейм» әніне риза болмаған жан қалмады. Сонан соң кезек баян сыныбының шәкірттеріне берілді. Жандос Сансызбаев пен Гүлжанат Мұсаханова жетекшілік ететін шәкірттері Жания Сәдуақасова және Нұртөре Айтбайдан құралған сырнайшылар квартеті «Полька минутка» әуенін орындады. Өнерлі отбасыдан шыққан ағайынды Аршан мен Лашын Бакишевтер Юрий Весняктің «Карлсон» әуенін пианинода орындап көрерменнің көзайымына айналды. Ал республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Даниил Семенов Сергей Прокофьевтің «Меркуцио» әуенін фортепианода орындап күйсандықтың құдіретін көрсетті.
Концерттік бағдарламада ұстаз Қуаныш Жүнісов жетекшілік еткен ІІ халықаралық «Жас толқын» өнер байқауының лауреаты «Балауса» домбырашылар ансамблі Абдулхамит Райымбергеновтің «Секіртпе» күйі орындалды. Ұлттық аспапты шебер меңгерген өнерпаздар Сәкен Сейфуллин ауылдық филиалының оқушылары Нұрдәлет Бердібеков, Нұрсат Кеңесбай домбыра сыныбының мұғалімі Бауыржан Үсенов Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін күмбірлетті. Қоғалыкөлден келген өнерпаздар ерекше аспап трубамен мұғалім Қайрат Сәтпаев шәкірті Сейдолла Бахраддинұлымен бірге «Дорога на восток» әуенін әуелетті.
Есеп беру кешінің соңында 1 мамыр Халықтар достығы күніне орай республикалық, халықаралық өнер байқауларының жүлдегері Ардақ Тоқберішова мен Гүлшат Өтебасова жетекшілік еткен «Тұмар», «Назкерім» би тобының бишілері әр ұлттың биін билеп, концерттік бағдарламаны тәмамдады.
– Сырдария ауданының өнер мектебі 1972 жылы ашылып, осы уақытқа дейін 700-ден аса шәкірт бітіріп шықты. Олардың барлығы қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде өнер-білім, тағы басқа салаларда еңбек етіп, Отанымыздың өркендеп, гүлденуіне сүбелі үлес қосып келеді. Өнерпаз түлектерімізді әрдайым мақтан етеміз, – дейді мектеп директоры Марат Сәдуақас.
Қазіргі таңда Сырдария ауданының өнер мектебінің төрт филиалы жұмыс жасайды. Атап айтқанда, Асқар Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Қоғалыкөл ауылдық филиалы. Аталған филиалдарда 126 бала домбыра, баян, дәстүрлі ән, хореография мамандықтары бойынша білім алуда.
Ата-ана баласының тәй-тәй басқан сәтінен-ақ қандай өнерге бейім екенін біле бастайды. Соның бірі – Аршан мен Лашын Бакишевтардың анасы Салтанат Бакишева. Салтанат балаларының бойынан өнерге деген сүйіспеншілігін байқап, өнер мектебіне алып келген. Ардақты ана өнерлі перзенттерінің таудай талабына қол жеткізуіне жәрдемдескен ұстаздарына дән риза.
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА