ӨНЕРГЕ ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР
Мектеп қабырғасында жүргенімде ата-анам бос уақытыңды тиімді пайдалан деп мені үнемі үйірмелерге беретін. Ең алғаш төртінші сынып оқып жүргенімде болса керек би үйірмесіне жазылып, күн сайын қызық көріп сабақтан қалмайтын едім. Қыз бала болған соң болар сахнада мың бұралып билейтін әртіс боламын дейтінмін. Ол уақытта ауылда жалғыз би үйірмесінің жетекшісі бар. Ол – Мөлдір Тілегенқызы. Ұстазым секілді өнерпаз болуды мақсат тұттын. Сол жылы наурыз мерекесінде алғаш рет сахнаға шығып, өнер көрсеттік. Ол уақытта “Қазақ биі” деп аталатын. Үкілі қамзолымызды киіп шыққан едік. Кейін уақыт өте келе жыл сайын есеп беру концертін өткіздік. Арада төрт жыл өтті. Менің арманым да мақсатымда өзгерді. Бірақ сол өнер атты кемемен сапарға шықтым.
Шаған ауылдық әуез мектебі он жылдан астам тарихы бар музыкалық мектеп қатарында. Шәкірттері түрлі байқауларда оза шапқан дарындардың кеніші деуге негіз бар. Себебі осы өнер ордасында тәлім алып, бүгінде қазақ сахнасында жүрген таланттар жетерлік.
Жақында ғана халыққа есеп беру концертін өткізді. Жыл сайын дәстүрге арналған бұл шара былтырғыдан өзгерек. Бұлай дейтініміз сахнада тебіреніп ән шырқап, күмбірлеген күйді төгіп, мың бұралып билейтін оқушылар биыл ашық аспан астында өнерлерін ортаға салды. Болмысы бөлек “Рухтастар” әнімен басталған шарада домбыраның құлағында ойнайтын, баян мен қобызды жанына серік етіп, осы жолды таңдаған шәкірттердің өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты. “Назқоңыр” бишілер тобы да көрерменнің тәнті қылған жас таланттар. Басым көпшілігі халық әндерінен құралған мерекелік концертке жиылған көптің қарасы қалың. Оны халық шапалағы мен ықыласынан байқауға болады. Биыл бұл өнер ордасынан 17 түлек түлеп ұшты. Оның төртеуі баян класын, бесеуі домбыра және сегізі би курсын тәмамдады. Бәрінің арманы бір. Ол қазақ сахнасына өшпес із қалдырған дарабоздардың жолын қуып, халықтың сүйікті әртіс болу. Шәкірттердің көпшілігі республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. Бізде ақ жол тіледік.
Майя ҚОЖАБАЙ